Майдан медбикесі Анна Котова 102 жасқа толды

Майдан медбикесі Анна Котова 102 жасқа толды

22.01.2026 14:03:19 335

 

  Қарағанды облысы Осакаров ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері, майдан медбикесі Анна Никаноровна Котованы 102 жасқа толуымен құттықтады.

  Ардагерге Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хат, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды. Қорғаныс ведомствосының өкілдері оның ерлігі, жауынгерлерге көрсеткен жанқиярлық көмегі мен талай адамның өмірін сақтап қалғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

  Осакаров ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының міндетін уақытша атқарушы аға лейтенант Әділ Жамалов Анна Никаноровнаның өмір жолын ерлік пен мейірімнің, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі деп атап өтті.

  Анна Котова Воронеж облысында дүниеге келген. 1943 жылы 2-ші Украина майданының 65-ші эвакуациялық госпиталіне жіберіліп, жараланған жауынгерлерге көмек көрсетті. Жас медбике ауыр жағдайда қызмет атқарып, дәрігерлерге операция кезінде жәрдемдесті, жаралыларды күтті.

  Майдандағы ерлігі үшін Анна Котова II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Санитарлық қызметтің үздігі» белгісімен және өзге де марапаттармен наградталған.

  Жеңіс күнін ол Венгрияда қарсы алып, 1946 жылы Қазақстанға қоныс аударды. Зейнетке шыққанға дейін Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы денсаулық сақтау мекемелерінде еңбек етті.

  Отбасында жұбайымен бірге 50 жылдан астам ғұмыр кешіп, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Анна Никаноровнаның төрт немересі мен он шөбересі бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1145765?lang=kk