Пхукет аралында Қазақстанның консулдығы ашылды
23.01.2026 08:40:38 341Пхукет, 2026 жылғы 22 қаңтар – Пхукет аралында Қазақстан консулдығының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Бұл оқиға қазақ-тай қарым-қатынастарының дамуы жолындағы елеулі кезеңге айналып, екі ел арасындағы дипломатиялық, экономикалық, мәдени және туристік ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды.
Қазақстанның Пхукеттегі Консулдығының ашылуы ерекше мәнге ие, себебі бұл аралда ашылған үшінші ресми дипломатиялық өкілдік болып отыр. Аталған жайт екіжақты байланыстардағы өзара сенімнің жоғары деңгейі мен қарым-қатынастардың қарқынды дамуын айқындайды. Бұл ретте, Қазақстан азаматтарына практикалық көмек көрсетуге бағытталған ресми дипломатиялық қатысуын жүйелі түрде кеңейтіп келеді.
Жаңа мекеменің консулдық округі Таиландтың оңтүстігіндегі 14 провинцияны қамтиды, бұл оны елдің оңтүстігіндегі өзара іс-қимылдың маңызды орталығына айналдырады. Мұндай аумақтық қамту Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін жүйелі түрде қорғауға, төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге, сондай-ақ өңірдегі туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Таиланд Сыртқы істер министрінің орынбасары Виджават Исарабхакди, Пхукет провинциясының губернаторы Нират Понгситтаворн, Таиландтың оңтүстік провинцияларының басшылығы, Пхукеттегі мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломатиялық корпус, қазақ диаспорасы, іскер топтар, туристік қауымдастықтар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында сөз сөйлеген Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан Пхукетте Консулдықтың ашылуы Қазақстан мен Таиланд арасындағы сенімді әрі достық қарым-қатынастардың практикалық дәлелі екенін атап өтті:
«Пхукет Қазақстан азаматтары үшін маңызды бағыттардың біріне айналды. Консулдықтың ашылуы отандастарымызға жақын болуға, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, жедел қолдау көрсетуге, сондай-ақ Таиландтың оңтүстік өңірлерімен жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді».
Таиланд Сыртқы істер министрінің орынбасары Виджават Исарабхакди өз сөзінде тай-қазақ қарым-қатынастарының бірізді әрі орнықты даму сипатын атап өтіп, Пхукетте Консулдықтың ашылуын екіжақты ынтымақтастықтың серпінді дамуын айқындайтын практикалық қадам ретінде бағалады:
«Қазақстан Таиланд үшін Орталық Азиядағы маңызды әріптес болып табылады. Пхукетте Консулдықтың ашылуы туризм, сауда, инвестициялар және гуманитарлық алмасулар салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға ықпал етеді».
Пхукет провинциясының губернаторы Нират Понгситтаворн өз сөзінде Қазақстанның Таиланд үшін сенімді әріптес ретіндегі маңызын атап өтіп, Консулдықтың ашылуы туризм, сауда және мәдени алмасулардың дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді:
«Пхукет қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығының ашылуын қуанышпен қарсы аламыз. Бұл оқиға халықтарымыз арасындағы байланыстарды нығайтып, ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады».
Іс-шараның салтанатты бағдарламасы барысында домбырамен музыкалық шығармалар орындалды. Оның әуені қонақтардың назарын жаулап, мәдени диалог пен өзара түсіністік атмосферасын қалыптастырды. Қонақтарға қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, Қазақстанның бай тарихи әрі аспаздық мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Пхукет қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығының ашылуы Қазақстан мен Таиландтың әріптестігін одан әрі тереңдетуге, азаматтардың мүдделеріне сай келетін жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға және екі ел арасындағы достықты нығайтуға ұмтылысын тағы бір мәрте растады.
Анықтама ретінде:
- Пхукет – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші туристік орталықтардың бірі әрі халықаралық туризмнің ең танымал бағыттарының қатарына жатады.
- Таиландқа жыл сайын шамамен 35 миллион шетелдік турист келеді, соның ішінде 12 миллионға жуығы Пхукет аралына тиесілі. 2025 жылы Таиландқа 200 мыңға жуық Қазақстан азаматы келген.
- Консулдықтың округіне Таиланд Корольдігінің оңтүстігіндегі 14 провинция кіреді: Чумпхон, Краби, Накхон Си Тхаммарат, Наратхиват, Паттани, Пхангнга, Пхаттхалунг, Пхукет, Ранонг, Сатун, Сонгкхла, Сурат Тхани, Транг және Яла.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1146373?lang=kk