Кеген ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды
24.01.2026 17:10:52 124
Алматы облысы Кеген ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Маңызды нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, бұл жоба өңір үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.
Өз сөзінде аймақ басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын жеткізді. Бұл бағытта облыста азаматтық қорғау инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді.
«Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта өңірде төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін күшейтіп, азаматтық қорғау инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып келеміз», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Жаңа өрт сөндіру бекеті таулы аймақта жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Бөлімше 12 мыңнан астам тұрғыны бар 11 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Нысан заманауи талаптарға сай жобаланып, диспетчерлік қызметпен, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайлармен және тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуге қажетті барлық инженерлік жүйелермен толық жабдықталған.
Өрт сөндіру бекетінде 21 қызметкер еңбек етеді. Олар бір мезгілде екі бағытта шығуға мүмкіндік беретін 8 арнайы техникамен қамтамасыз етілген.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі нысанның уақытылы әрі сапалы салынуына үлес қосқан мердігер ұйымдарға, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне, сондай-ақ облыстық және аудандық деңгейдегі сала мамандарына алғысын білдірді. Сонымен қатар, өрт сөндірушілердің қауіпті жағдайда адам өмірін сақтаудағы ерен еңбегін атап өтіп, оларға зор денсаулық, қажымас қайрат және қызметтеріне табыс тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1147348?lang=kk