Қостанай облысында «Қар десанты» акциясы өткізілді
25.01.2026 10:20:23 135
Халықаралық еріктілер жылы аясында Науырзым ауданында жастардың бастамасымен қыста жүзеге асырылатын «Қар десанты» қайырымдылық акциясы дәстүрге айналған. Бұл игі шараның басты мақсаты – күннің суығында қолдауға зәру жалғызбасты қарияларға тұрмыстық көмек көрсету.
Акция шеңберінде ерікті жастар ауыл тұрғындарының үйлеріне арнайы барып, аула ішін қардан тазалау, отын-су дайындау сияқты күнделікті қажетті жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда ағаш жарып, үй шаруасына жәрдемдеседі. Мұндай қолдау егде жастағы азаматтардың тұрмысын жеңілдетуге зор ықпал етеді.
Еріктілер қариялардың жағдайын назардан тыс қалдырмай, мүмкіндігінше тұрмыстық көмектерін ұсынып келеді.
Жастардың белсенділігі жыл бойы жалғасады. Күзде отын дайындауға және егін өнімдерін жинауға көмектессе, жаз айларында аула мен үй маңын абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізуге атсалысады.
Осындай акцияларға тұрақты түрде қатысып жүрген ерікті жастар әрқашан көмек көрсетуге дайын. Бұл бастамалар Науырзым ауданында мейірім мен өзара қолдауды арттырып, еріктілік мәдениетінің дамуына серпін беріп отыр. Қарияларға көрсетілген қамқорлық – қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын маңызды құндылық.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1147362?lang=kk