«Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз»
26.01.2026 12:10:51 112
Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз / Независимость — наша главная ценность» атты кітап көрме-инсталляциясының таныстырылымы өтті. Экспозиция «Тарихтағы тағдырлы кезең», «Елдіктің еңселі жылдары», «Жасампаз болашақ» атты үш тақырыптық бөлімнен құралды. Әр бөлімде Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы тарихи кезеңдерді, егемен мемлекеттің қалыптасу үдерісін, сондай-ақ оның әлеуметтік-саяси және мәдени жетістіктерін айқындайтын кітаптар, құжаттар, мерзімді басылымдар мен иллюстрациялық материалдар ұсынылды. Көрме қонақтары тарихи шежірелер, көрнекті тұлғалардың өмірбаяны, ресми құжаттар, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның табыстары мен реформаларын сипаттайтын заманауи басылымдармен танысу мүмкіндігіне ие болды. Салтанатты ашылу барысында арнайы шақырылған спикерлер сөз сөйледі. Муканова Шынар Қанатқызы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының тарихи маңызына тоқталса, Тұрсын Жандос Тұрсынұлы тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның даму жолы туралы баяндады. Шараға Қасым Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімінің 2- құтқару батальонының қызметкерлері мен №50 орта мектептің 7- сынып оқушылары қатысты. Тәуелсіздік тарихына арналған танымдық ойыны барысында қатысушылар тақырыптық сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды кезең-кезеңімен орындап отырды. Мерекелік көңіл күйді кітапхана оқырмандарының орындауындағы шығармашылық нөмірлер толықтырды. Көрме бір жыл бойы келушілер назарына ұсынылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-cultura-arhiv/press/news/details/1147708?lang=kk