Қостанай облысының білім саласындағы жаңа тәсілдер
26.01.2026 16:20:55 132
Қостанай облысының білім беру жүйесі бірнеше негізгі бағыт бойынша заманауи тәсілдерді қолдана отырып дамып келеді.
Оның ішінде ең маңызды басымдықтардың бірі – облыс қалаларында да, ауылдарында да оқушыларға оқуға ыңғайлы жағдай жасау болып табылады.
Соңғы екі жыл ішінде Қостанай облысында 4 860 орындық 7 жаңа мектеп салынды және пайдалануға берілді. Мектептер толықтай заманауи стандарттар мен талаптарға сәйкес келеді, олардың 5-і «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында ашылды ( Заречное а., Қостанай ауданы – 900 орын, Арқалық қаласы – 300 орын, Қостанай қаласы, Береке шағын ауданы – 1 200 орын және Әуежай – 900 орын, Құшмұрын а., Әулиекөл ауданы – 1 200 орын, Колқамыс а., Жангелдин ауданы – 60 орын, Рудный қаласы – 1 200 орын).
Сонымен қатар, 4 мектепте (Еңбек кенті, Қостанай ауданы – 100 орын, Қостанай қаласы, Береке шағын ауданы – 980 орын, Қонай шағын ауданы – 900 орын, Рудный қаласы – 900 орын) құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында, IT саласындағы жобалар бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.
Мысалы, Astana Hub қолдауымен 7 мектепте мұғалімдер мен оқушыларға бағдарламалау бойынша оқыту жүргізілді.
«eData.kz» ЖШС-пен ынтымақтастық аясында облыстың 60 мектебі заманауи цифрлық сервистерге (Canva, Quizizz, Google, BookR) қол жеткізді, бұл ұлттық емтихандар мен халықаралық зерттеулерге жасанды интеллектті пайдалана отырып, персонализирленген дайындықты қамтамасыз етеді.
Қала мен ауыл арасындағы білім сапасы айырмашылығын азайту мақсатында шағын мектептердің әлеуетін дамыту жобасы іске асырылуда.
Жоба педагогтердің біліктілігін арттыру, тәлімгерлік, тәжірибе алмасу және заманауи тәсілдерді енгізуді қамтиды, мұнда педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін шектеулі ресурстар жағдайында жасанды интеллектті пайдалана отырып нығайтуға баса назар аударылады. Жобаға 63 шағын мектеп пен 21 толықкомплект мектеп қатысуда.
Сонымен қатар, облыста IT бағытында тұрақты әлеует қалыптасқан және практикалық тәжірибе жинақталған.
Президенттің тапсырмасымен барлық педагогтар «Өрлеу» платформасында «Оқу процесі және ЖИ: генеративтік модельдер мен промпт-инжиниринг өнері» тақырыбындағы тегін курстардан өтті, сондай-ақ «Ustazga AI» онлайн курстары өткізілді.
Қазіргі таңда 5 пилоттық жоба жасанды интеллект шешімдерін енгізу бойынша, сондай-ақ 1 пилоттық жоба робототехника бойынша жүзеге асырылуда.
Олардың бірі – жасанды интеллектті қазақ тілін орыс тілінде оқытылатын мектептерде үйретуге пайдалану.
Екінші жоба – Tester.kz жүйесі арқылы білімдегі олқылықтарды анықтау және жоюдың кешенді жүйесін енгізу.
«Al Mektep» жобасы Қазтелеком АҚ-пен бірлесіп білім беру ұйымдарында қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге ЖИ қолдануға мүмкіндік береді.
Төртінші жоба – көптілді мектептерде ағылшын тілін оқытуда жасанды интеллектті пайдалану.
«SmartBolashaq» жобасы – ЖИ арқылы кәсіби бағдар беруге бағытталған.
«Artisan Education» жобасы – робототехникаға арналған білім беру платформасы мен жабдықтарын пайдалана отырып инженерлік ойлауды дамытуға арналған.
2026 жылы «Болашақ мамандары» кәсіби бағдарлау платформасының жұмысы басталады.
Платформа оқушыларға жеке қызығушылықтары мен қабілеттеріне сәйкес болашақ кәсіби бағыттарын саналы түрде анықтауға мүмкіндік береді, ал сынақ нәтижелері облыс мектептеріне әрі қарай енгізу үшін база болады.
Жаңа оқу жылынан бастап тәрбиелік жұмыс «Адал азамат» бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Елбасы атап өткендей, мектеп–отбасы–қоғам үштігін қалыптастыруда ата-анамен жұмыс маңызды рөл атқарады: 399 Педагогикалық қолдау орталықтары жұмыс істейді.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласы практикалық бағытта, облыстың жетекші кәсіпорындарымен тығыз ынтымақтастықта дамып келеді.
Жұмысшы мамандықтар жылы ТжКБ жүйесінің дамуына үлкен серпін берді. Колледждерге шефтік қолдау көрсететін кәсіпорындар саны 38-ден 230-ға дейін өсті, бұл бизнестің білікті жұмысшылар даярлауға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Облыс мектептерінде 60 профильді сынып ашылды, бұл оқушыларға саналы кәсіби өзін-өзі анықтау мен колледждерге дайындықты қамтамасыз етеді.
Кәсіпорындардың тапсырысы бойынша мақсатты оқытылатын студенттер саны бес есе артты: 687 адамнан 3 553 адамға дейін өсті. Әлеуметтік серіктестер желісін 42-тен 220-ға дейін кеңейту де ерекше мәнге ие.
Осылайша, Қостанай облысындағы білім берудің жаңа тәсілдері сапалы білім беру жағдайларын жасауға, оқу процесінің барлық деңгейінде жасанды интеллектті енгізуге және бәсекеге қабілетті, елімізде сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1147985?lang=kk