МӘМС азаматтарға заманауи технологиялық медициналық көмекті тегін алуға мүмкіндік беретін тиімді әлеуметтік механизмге айналды

МӘМС азаматтарға заманауи технологиялық медициналық көмекті тегін алуға мүмкіндік беретін тиімді әлеуметтік механизмге айналды

27.01.2026 11:40:47 235

Мұның айқын дәлелі - Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасында ем қабылдаған 24 жастағы науқастың клиникалық жағдайы.

Науқас ауруханаға сол жақ бүйректің II–III дәрежелі гидронефрозы диагнозымен түсті. Аталған патология бүйрек астаушасы мен несепағар түйіскен аймақтың тарылуы және қосымша бүйрек артериясының несепағарды қысуы салдарынан, созылмалы пиелонефриттің асқынуы аясында дамыған. Яғни, зәрдің бүйректен табиғи жолмен ағуы бұзылып, оның жиналуы органның біртіндеп кеңеюіне, қатты ұстамалы ауырсынулар мен қабыну үдерісінің өршуіне әкелген. Уақтылы әрі дұрыс ем көрсетілмегенде бұл жағдай бүйрек қызметінің айтарлықтай төмендеуіне, тіпті толық жоғалуына себеп болуы мүмкін еді.

Бұған дейін науқасқа жедел медициналық көмек көрсетіліп, бүйрек шаншуы себебімен несепағарға стент-катетер орнатылған болатын. Бұл шара зәрдің уақытша ағуын қалпына келтіріп, науқастың жалпы жағдайын тұрақтандырғанымен, аурудың түпкі себебін жоймайтыны белгілі. Уролог дәрігердің жоспарлы кеңесінен кейін патологияның негізгі себебін түбегейлі жою мақсатында хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылданды.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының хирургия бөлімшесінде уролог дәрігер Сабаев Айдар Жанбатырұлы, хирург Сабаев Серік Жанбатырұлы және анестезиолог - реаниматолог Хайленко Юрий Александровичтің қатысуымен түбекше-несепағар сегментінің лапароскопиялық пластикасы сәтті орындалды. Ота құрсақ қабырғасында бірнеше шағын тілік арқылы, ірі кесусіз жүргізілді.

Бейнебақылау жағдайында тарылған аймақ дәл анықталып, қосымша бүйрек артериясының несепағарға түсірген қысымы жойылды, сондай-ақ бүйрек астаушасы мен несепағар арасында жаңа анатомиялық байланыс қалыптастырылды. Тігістердің қауіпсіз жазылуын және зәрдің еркін ағуын қамтамасыз ету үшін ішкі стент-катетер орнатылды.

Аталған аз инвазивті әдіс операциялық жарақаттылықты айтарлықтай төмендетіп, операциядан кейінгі ауырсынуды азайтуға және науқастың қалпына келу кезеңін қысқартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, мұндай лапароскопиялық араласулар жоғары технологиялы және техникалық тұрғыдан күрделі операциялар санатына жатады. Хирургтер шектеулі кеңістікте, тек бейнекамера көмегімен бағдар алып, аса жоғары дәлдікпен жұмыс атқарады. Әсіресе, ірі қан тамырларына, оның ішінде қосымша бүйрек артериясына жақын орналасуы отаның күрделілігін арттыра түседі. Бұл жағдайда несепағарды қысу себебін жойып қана қоймай, бүйректің қанмен қамтамасыз етілуін толық сақтау басты міндет болды.
Сонымен қатар, операцияны жоспарлау барысында науқастың жеке анатомиялық ерекшеліктері, бүйректің кеңею дәрежесі және қабыну үдерісінің айқындылығы жан-жақты ескерілді. Мұндай күрделі хирургиялық араласулар тек тәжірибелі мамандар командасының, заманауи медициналық жабдықтың және медициналық ұйымның жоғары деңгейдегі дайындығының арқасында ғана мүмкін.

Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Ауырсыну синдромы мен қабыну белгілері толық жойылып, науқас қанағаттанарлық жағдайда амбулаториялық бақылауға шығарылды.

Аталған клиникалық жағдай МӘМС аясында азаматтардың басқа аудандарға шықпай-ақ, қаржылық жүктемесіз, күрделі әрі жоғары технологиялы медициналық көмекті тегін ала алатынын айқын көрсетеді. Операцияның сәтті өтуі дәрігерлердің кәсіби шеберлігіне, хирургиялық және анестезиологиялық қызметтердің үйлесімді жұмысына, сондай-ақ Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының заманауи материалдық - техникалық базасына тікелей байланысты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өз әлеуметтік маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп, халықтың сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға қызмет етуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1148560?lang=kk