Қазақстанның ұлттық павильоны Лондонда өткен Bett UK 2026 халықаралық көрмесінде таныстырылды

Қазақстанның ұлттық павильоны Лондонда өткен Bett UK 2026 халықаралық көрмесінде таныстырылды

27.01.2026 16:30:45 166

21-24 қаңтар, Лондон – Қазақстан екінші жыл қатарынан білім беру технологиялары саласындағы ең ірі халықаралық алаңдардың бірі — British Education Training and Technology Show (Bett Show) көрмесіне қатысып, цифрлық және инновациялық білім беруді дамытуға бағытталған стратегиялық ұстанымын тағы бір мәрте айқындады.

Ұлттық павильон жұмысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, жетекші қазақстандық жоғары оқу орындарының басшылары,
сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің өкілдері қатысты.

Егер 2025 жылы Қазақстанның Bett Show көрмесіне қатысуының негізгі мақсаты халықаралық тәжірибені зерделеу және серіктестік байланыстар орнату болса, 2026 жылы ұлттық павильонда университеттердің цифрлық трансформациясы мен елдегі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінің технологиялық дамуының нақты нәтижелері ұсынылды. Бұл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды шын мәнінде ілгері және дамыған мемлекетке айналдыру жөніндегі стратегиялық көзқарасын айқын көрсетеді.

Көрме аясында жоғары білім беру саласындағы 9 қазақстандық ұйым өздерінің академиялық бағдарламаларын, ғылыми-зерттеу жобаларын, сондай-ақ шетелдік серіктестермен бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды іске асыру әлеуетін таныстырды.

Жыл сайын Bett Show көрмесі 130 елден 30 мыңнан астам білім беру ұйымдарының басшыларын, мұғалімдерді, инноваторлар мен инвесторларды біріктіріп, тәжірибе алмасуға, озық технологияларды таныстыруға және білім берудің болашағын айқындауға арналған жетекші жаһандық платформа саналады.

Қазақстандық делегацияның Bett UK 2026 көрмесіне қатысуы еліміздің цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған стратегиялық бағытын және Қазақстанның академиялық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға деген ұмтылысын айқын көрсетті. Соңғы үш жарым жылда 40-қа жуық халықаралық серіктестік келісімге қол қойылып, ел аумағында 33 шетелдік университеттің филиалы өз жұмысын бастады. 2026 жылы тағы 7 филиалдың ашылуы жоспарлануда. Қазақстандағы шетелдік студенттер саны тұрақты түрде өсіп, бүгінде 35 мың адамға жетті.

Аталған бастамалар Қазақстанның аймақтық академиялық хаб ретінде кезең-кезеңімен қалыптасып келе жатқанын дәлелдейді және Орталық Азия елдері мен одан тыс өңірлер үшін берік білім және ғылым платформасын қалыптастыруға жол ашады. Бұл, әсіресе, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, жоғары технологиялы өндіріс және стратегиялық маңызы бар минералдық ресурстар сияқты басым бағыттарда айқын көрініс табуда.

Көрме аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Lenovo, Intel, Microsoft және Google сынды әлемдік жетекші технологиялық компаниялардың басшылығы мен өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізіп, білім беру жүйесіне цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар Bett Show 2026 аясында қазақстандық делегация Pie News, University World News және Times Higher Education сияқты беделді британдық және халықаралық салалық бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді.

Көрме шеңберінде өткен іскерлік кездесулер әлемдік жетекші технологиялық компаниялардың Қазақстанмен ынтымақтастыққа жоғары қызығушылығын және еліміздің жаһандық білім беру мен технологиялық кеңістікке белсенді түрде ықпалдасуға ұмтылысын растады.

Сапар аясында Саясат Нұрбек Оксфорд қаласына барып, жоғары оқу орнының өкілдерімен Қазақстанда «Oxford Hub» ашу жобасын жан-жақты талқылады. Ковентри қаласында Министр Coventry университетінің Қазақстандағы қатысу аясын кеңейту, атап айтқанда Алматы қаласында екінші филиалын ашу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.

Сонымен қатар министр Кембридж қаласында орналасқан AstraZeneca компаниясының бас кеңсесіне барып, оның ғылыми-зерттеу зертханаларының қызметімен танысты. Кездесу қорытындысы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі мен AstraZeneca арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, бұл құжат қазақстандық стипендиаттарға AstraZeneca компаниясында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік ашты.

Сапар аясында 24 қаңтар күні University College London (UCL) алаңында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен кездесуі өтті. Ашық пікірталас барысында студенттер жастарды қолдау бағдарламалары, түлектерді жұмыспен қамту және «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасын одан әрі дамыту мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Министр шетелде білім алып жатқан қазақстандық студенттер елдің интеллектуалдық әлеуетінің маңызды бөлігі екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі алдағы уақытта да халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, цифрлық технологиялар саласындағы ұлттық басымдықтарды ілгерілетуге және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы орнықты әріптестікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1148902?lang=kk