Қазақстан мен Израиль екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі
27.01.2026 16:31:08 270Астана, 2025 жылғы 27 қаңтар – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ресми сапармен Астанаға келген Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Гидеон Саармен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогтың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды, туризм саласындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ ғылым, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы тәжірибе алмасуды талқылады. Технологиялар трансфері мәселелеріне және екі елдің салалық ведомстволары мен іскер топтары арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Сапар аясында екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында саяси консультациялардың 12-ші раунды өтті. Оның барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыста бейбіт реттеуге жәрдемдесу және сенімді нығайтуға бағытталған бастамалар қаралды. Осы тұрғыда Қазақстанның Газадағы Бейбітшілік кеңесінің қызметіне қатысуы, сондай-ақ Ибраһим келісімдері аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасу орын алды.
«1992 жылғы сәуірде дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап біз өзара құрмет пен сенімге негізделген жан-жақты ынтымақтастықты қалыптастыра отырып, саяси, экономикалық және мәдени салада елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Сіздің бүгінгі Астанаға сапарыңыз – серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге деген ортақ мүддеміздің айқын дәлелі», – деп атап өтті Е.Көшербаев израильдік әріптесімен кездесу барысында. Қазақстан СІМ басшысы қазіргі кезеңдегі екіжақты ынтымақтастыққа тән диалогтың жандануына тоқтала келе, бұл үдерісте екі мемлекеттің басшылары маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Құқықтық негіздің берік екеніне тоқталған Е.Көшербаев сауда, инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту үшін жоғары әлеует бар екенін, сондай-ақ агротехнологиялар мен тамақ өнеркәсібі; денсаулық сақтау, фармацевтика және медициналық технологиялар; инфрақұрылым және логистика; энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларда жоғары қосылған құны бар бірлескен жобаларды іске асыруға Қазақстанның мүдделі екенін жеткізді. Сонымен қатар ол Қазақстанның БҰҰ-ның онлайн-қызметтер индексі мен Дүниежүзілік банктің GovTech жетілу индексі бойынша цифрлық технологиялар саласында әлемдік көшбасшылардың қатарында екенін атап өтіп, израильдік компанияларды белсенді ынтымақтастыққа шақырды.
Өз кезегінде Израиль СІМ басшысы өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растап, екіжақты экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Саяси консультациялардың 12-ші раундының қорытындысы бойынша Дипломатиялық кадрларды даярлау және Қоғамдық дипломатия саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдар, сондай-ақ туристік алмасуларды дамыту мақсатында ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Израиль Мемлекеті Үкіметі арасындағы келісімге ниеттілігі туралы меморандумға қол қойылды.
Сапар аясында екі елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылып, B2B және B2G форматтарында кездесулер өтті. Жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және цифрлық технологиялар сияқты басым салаларда бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
Қазақстан мен Израиль арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 10 сәуірде орнатылды. 1992 жылғы тамызда Қазақстанда Израиль Елшілігі ашылды. 1996 жылғы мамырда Израильде Қазақстанның Елшілігі ашылды.
2025 жылғы қаңтар-қараша аралығында Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 162,4 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 92,1 млн доллар, импорт – 70,3 млн доллар).
Бұл – Г.Саардың Астанаға жасаған алғашқы сапары, сондай-ақ соңғы 16 жылдағы Израиль Сыртқы істер министрінің Қазақстанға алғашқы ресми сапары.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/1148976?lang=kk