Тоғызбұлақ ауылында Қапес Байғабылұлының 130 жылдығына орай жаңа кітапхана ашылды
27.01.2026 17:40:24 145
Кеген ауданына қарасты Тоғызбұлақ ауылында Қапес Байғабылұлының туғанына 130 жыл толуына орай жаңа ауылдық кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мәдени нысанның жұмысын бастау дәстүрлі түрде қызыл лентаны қию рәсімімен айшықталды. Іс-шараға ауыл тұрғындары, қоғам өкілдері мен құрметті қонақтар қатысты.
Ашылу салтанатына Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұғман Алмасбек, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Галина Тоқабаева қатысты. Сонымен қатар белгілі жазушы, педагог Сағатбек Мәдібекұлы, облыстық филармония директоры Нұрлан Сағынбай және шығармашылық зиялы қауым өкілдері де арнайы келді.
Қонақтар оқырмандарға жасалған жағдай, кітап қоры және техникалық жабдықталуымен танысып, ауыл үшін жаңа мәдени нысанның ашылуының маңыздылығын атап өтті. Жаңа кітапхана заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда кітап қорын есепке алуға және оқырмандарға қажетті әдебиеттерді жылдам табуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған ИРБИС кітапханалық жүйесі енгізілген. Кітапхана екі бөлімнен – кітап қоры мен оқу залынан тұрады. Қазіргі таңда кітап қоры шамамен 3 мың данаға жетеді. Барлық бөлмелер компьютерлермен, принтерлермен, кітап сөрелерімен, үстел және орындықтармен толық жабдықталған. Бұл оқуға және білім алуға қолайлы жағдай жасайды. 2026 жылға қарай кітапхананың қызметін 689 ауыл тұрғыны пайдалануы жоспарланып отыр.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев: «Бүгінде ауданымызда 13 кітапхана жұмыс істейді, ал бұл – он төртіншісі. Қазіргі таңда кітапханалар тек кітап сақтайтын орын ғана емес, білім мен мәдениеттің, шығармашылық пен қарым-қатынастың орталығына айналып отыр. Олар барлық жастағы тұрғындарды біріктіріп, ауылдың мәдени өмірін нығайтып, рухани дамуына үлес қосады», – деді.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарына жылы лебізін білдірген Сағатбек Мәдібекұлы:
«Бұл – елімізде оқитын, білімді ұлт қалыптастыру жолындағы аса игі әрі маңызды бастама. Кітапханаға жастар көптеп келіп, білімге ұмтылсын. Өскелең ұрпақ саналы, тәрбиелі, парасатты болып қалыптассын. Бұл білім ордасы елді біріктіріп, шабыт беретін рухани орталыққа айналсын, кітап қоры жыл сайын толыға берсін», – деп атап өтті.
Тоғызбұлақ ауылында жаңа кітапхананың ашылуы мәдениет пен білім саласындағы жалпыұлттық басымдықтарға толық сәйкес келеді. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи кітапханаларды дамыту мен кітаптың қолжетімділігін арттырудың маңызын ерекше атап өткен болатын. Жаңа мәдени нысан ауыл тұрғындары мен жас ұрпақ үшін білім мен рухани дамудың орталығына айналмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1149065?lang=kk