Қазақстанның Конституциялық реформалары Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясында таныстырылды

Қазақстанның Конституциялық реформалары Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясында таныстырылды

28.01.2026 15:00:30 278

Страсбург, 2026 жылғы 26-28 қаңтар – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты С.Макежанов Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) қысқы сессиясының жұмысына қатысты.

Сессия барысында Петра Байр (Австрия, «Социалистер, демократтар және жасылдар») Ассамблеяның жаңа Президенті лауазымына сайланды.

Сапар барысында С.Макежанов ЕКПА-ның жаңа басшысымен кездесу өткізіп, Қазақстан Республикасы Сенатының Төрағасы М.Әшімбаевтың атынан П.Байрдың жоғары лауазымға сайлануына байланысты жазбаша құттықтау хатын табыстады.

Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, соның ішінде ЕКПА аясында бірлескен іс-шаралар өткізу мәселелері талқыланды. С.Макежанов Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы жан-жақты ақпарат беріп, бірпалаталы парламентке көшу мен конституциялық реформаға ерекше назар аударды.

ЕКПА Президенті парламенттік реформаның жаңашылдықтарына, көппартиялық жүйені қалыптастыруға, Парламенттің басқа билік тармақтарымен өзара іс-қимылына, гендерлік теңдік пен әйелдер құқықтарын қорғау мәселелеріне қызығушылық танытты.

Сондай-ақ, адам құқықтарын қорғау тұрғысынан Қазақстанның БҰҰ-мен өзара ынтымақтастығы қарастырылды. Қазақстандағы экономикалық жағдай мен ауылдық аумақтарды дамыту мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді.

Кездесу соңында С.Макежанов П.Байрды өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Сонымен қатар, С.Макежанов ЕКПА-дағы «Еуропалық консерваторлар, патриоттар және одақтастар» фракциясының төрағасы Ж.Неметпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Ассамблеяның ағымдағы күн тәртібі, Қазақстандағы парламенттік реформа және Қазақстан мен ЕКПА арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Пленарлық сессия аясында «Еуропа үшін либералдар мен демократтар альянсы» фракциясының депутаты М.Германмен, сондай-ақ ЕКПА-дағы Литваның ұлттық делегациясының төрағасы Б.Васайт пен депутаттар корпусының дуайені Э.Зингериспен жеке кездесулер өтті.

ЕКПА депутаттарына Қазақстандағы саяси өзгерістердің барысы, алдағы парламенттік және конституциялық реформалар туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-strasbourg/press/news/details/1149753?lang=kk