QazEta

QazEta

28.01.2026 16:50:51 227

Шетел азаматтарына арналған «QazETA» цифрлық платформасы

QazETA — шетел азаматтарының негізгі көші-қон және ілеспе қызметтерге «бір терезе» қағидаты бойынша (шетелдіктерге арналған бірыңғай цифрлық терезе) ыңғайлы, ашық әрі қауіпсіз қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін құрылған мемлекеттік цифрлық платформа.
Жоба шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылын заманауи әрі қолайлы форматта қалыптастыруға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

QazETA платформасының негізгі мақсаттары:

  • Қазақстан Республикасына шетел азаматтарының кіруі мен елде болу рәсімдерін жеңілдету;
  • елге кіруден бастап күнделікті қызметтерге дейін мемлекеттік сервистермен бірізді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық кіру нүктесін құру;
  • үдерістердің ашықтығын арттыру, өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқарту және қызмет көрсету сапасын жақсарту;
  • базалық көші-қон рәсімдерін цифрлық және мобильді форматқа көшіру.

Қазіргі уақытта QazETA пилоттық режимде жұмыс істейді, оны енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Осы кезеңде төмендегі қызметтер қолжетімді:

  • электрондық визалар (e-Visa) беру;
  • елге кіруге электрондық рұқсат (ETA) рәсімдеу;
  • Қазақстан Республикасының электрондық резиденті мәртебесін (e-Residency) алу;
  • шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткені туралы анықтама беру (оның ішінде мобильді құрылғылардың IMEI-кодтарын верификациялау мақсатында).

Платформаның негізгі сервистері

1. Электрондық виза (e-Visa)

Электрондық виза — шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға виза беру бойынша мемлекеттік қызметтің цифрлық нысаны.
104 елдің азаматтары (тізім қоса беріледі) келесі санаттар бойынша бір мәртелік электрондық визаны рәсімдей алады:
«A3» (қызметтік), «A5» (инвесторлық), «B1», «B2», «B3» (іскерлік), «B9-1» (Digital Nomad Visa), «B10» (жеке), «B12» (туристік), «C12» (емделу үшін).

Электрондық виза электрондық түрде рәсімделген шақырудың негізінде беріледі (шақыру Қазақстан Республикасы ІІМ-нің аумақтық полиция органдарында рәсімделеді) және тек виза алушыға ғана жарамды, ілесіп жүретін тұлғаларға қолданылмайды. Паспорт ауыстырылған жағдайда электрондық визаны қайтадан алу қажет.
Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының аумағына тек қолданыстағы электрондық визаны пайдалана отырып, халықаралық әуежайлардағы өткізу пункттері арқылы ғана кіріп-шыға алады.

2. Елге кіруге электрондық рұқсат (Electronic Travel Authorization, ETA)

ETA Қазақстан Республикасының визалық талаптарынан босатылған елдердің азаматтарына арналған және электрондық форматта рәсімделеді.
Қазақстанға сапар жоспарлаған шетел азаматтары ETA алу үшін мобильді қосымша арқылы сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын өтінім береді.
ETA-ның жарамдылық мерзімі — 180 күн.
Шетел азаматтарының Қазақстан аумағында нақты болу мерзімі қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес реттеледі.
Сонымен қатар, берілген ETA Қазақстан Республикасының аумағына кіруге кепілдік бермейді. Елге кіруге түпкілікті шешім шекаралық бақылаудан өту кезінде Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы тарапынан қабылданады.

ETA алудан босатылатын тұлғалар:

  • дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері;
  • ресми делегация мүшелері;
  • Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері.

Пилоттық кезеңде визалық талаптардан босатылған елдер азаматтары үшін ETA алу ұсынымдық сипатта болады. Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін аталған санаттағы азаматтар үшін ETA алуды міндетті түрде енгізу кезең-кезеңімен жоспарлануда.

3. Электрондық резиденттік (e-Residency)

e-Residency — Қазақстан Республикасынан тыс жерде жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясы шеңберінде цифрлық мемлекеттік және коммерциялық сервистерге қолжетімділік беретін инновациялық құрал.
Электрондық резиденттік АХҚО юрисдикциясы аясында іске асырылады және мыналарды қамтиды:

  • жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) қашықтан алу;
  • банк шоттарын және төлем карталарын ашу;
  • eSIM рәсімдеу;
  • компанияларды қашықтан тіркеу және бизнес жүргізу.

4. Шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өткені туралы анықтама беру

(оның ішінде мобильді құрылғылардың IMEI-кодтарын верификациялау мақсатында).

Алдағы уақытта функционалды кеңейту жоспарлануда, оның ішінде: медициналық сақтандыруды рәсімдеу, ETA иелері үшін шекаралық бақылаудан жедел өту мүмкіндігі, сервистік алымды төлеу және өзге де цифрлық сервистер.

QazETA мобильді қосымшасы PlayMarket және App Store дүкендерінде жүктеуге қолжетімді.

Жоба аясында техникалық қолдау қызметі жұмыс істейді. Өтініштер мен ұсыныстар support@qazeta.kz электрондық поштасы арқылы қабылданады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1149951?lang=kk