Қазақстан Ауғанстанмен ынтымақтастық бойынша ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуде

Қазақстан Ауғанстанмен ынтымақтастық бойынша ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуде

28.01.2026 19:10:41 100

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Ауғанстанмен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.

Вице-премьер атап өткендей, жұмыс тобы ауған бағытындағы келісілген жүйелі жұмысты қамтамасыз ету үшін құрылған. Ауған тарапымен ағымдағы өзара іс-қимыл мәселесін үйлестіру жұмыс тобы төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі, ҚР СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұқымовқа жүктелді.

Серік Жұманғарин Мемлекет басшысы көлік дәлізін дамыту, өзара сауда-экономикалық, гуманитарлық іс-қимыл бойынша нақты міндет қойғанын атап өтті. Бұл ретте ағымдағы қарқынды жұмыс ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуді, бастамаларды неғұрлым терең пысықтауды талап етеді. Жұмыс тобының негізгі міндеті – біртұтас жүйелі тәсілді қалыптастырып, артық бюрократиялық рәсімдерді қысқарту. Ауғанстанмен ынтымақтастық барынша толық көлемде пайдаланылмай жатқаны атап өтілді. Жұмыс тобы бірыңғай келіссөз алаңына айналып, мәселелерді жедел шешуі тиіс.

Отырыс барысында көлік және логистика, энергетика, денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы өзара іс-қимыл перспективасы, сондай-ақ тау-кен металлургия саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы қаралды. 2025 жылы Ауғанстанға екі рет гуманитарлық көмек көрсетілген. Соңғы бес жылдағы жеткізген жүктердің жалпы көлемі – 6,4 млрд теңге.

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов жоспарлы режимде жүзеге асырылып жатқан Ауғанстан аумағы арқылы өтетін «Тургунди – Герат – Қандағар – Спин – Болдак» теміржол құрылысы жобасының (CASA) барысы туралы хабардар етті. Қазақстандық тарап БАӘ-нің Энергетика және инфрақұрылым министрлігіне үшжақты меморандум жобасын әзірлеп, жолдаған. Оған биыл ақпанда қол қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ Пәкістан теміржол министрлігімен жекелей меморандумға қол қою пысықталуда. Пәкістан жағы ұсынылған маршрутты қолдайды.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қазіргі уақытта Қазақстанның 34 жоғары оқу орнында 610 ауған студенті білім алып жатқанын хабарлады. Қазіргі меморандум бойынша жыл сайын 30 білім беру гранты бөлінеді. Квотаны жылына 60 грантқа көбейту жайы қарастырылуда.

Отырыс соңында Серік Жұманғарин ведомствоаралық жұмыс тобының жұмысын тұрақты етіп, оның отырысын тоқсан сайын өткізуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1150167?lang=kk