Рекордтық 335 млн долларлық келісімшарттар: Gulfood 2026 көрмесіндегі Қазақстанның іскерлік бағдарламасының қорытындысы
29.01.2026 13:20:24 139
Дубай қаласында өткен Gulfood 2026 халықаралық көрмесінің алаңында экспорттық және инвестициялық құжаттарға рекордтық 335,4 млн АҚШ доллары сомасына қол қойылды. Келісімдер сауда саясатын дамыту орталығы QazTrade ұйымдастырған дөңгелек үстел аясында жасалып, Қазақстанның әлемдегі ең ірі азық-түлік өнеркәсібі көрмесіне қатысуының негізгі практикалық нәтижелерінің біріне айналды.
Іс-шараға 35-тен аса қазақстандық бизнес өкіл және БАӘ, Парсы шығанағы елдері, Түркия, Қытай және өзге елдерден 50-ден астам шетелдік компания мен ұйым қатысты. Дөңгелек үстел өндірушілерді, трейдерлерді, дистрибьюторларды, желілік ритейл, HoReCa және инвестициялық құрылымдар өкілдерін біріктіріп, нақты коммерциялық уағдаластықтарға қол жеткізуге бағытталды.
Жалпы алғанда 19 құжатқа қол қойылды. Олар астық пен оны терең өңдеу өнімдерінің, майлы-май өнімдерінің, кондитерлік тауарлардың, бұршақ дақылдары мен күріштің экспортына, сондай-ақ қазақстандық азық-түлік өнімдерін БАӘ нарығында дистрибуциялауға қатысты. Ең ірі келісімдер астық жеткізілімдерімен байланысты: БАӘ мен Оман серіктестерімен 800 мың тоннаға дейін астық экспорттау параметрлері бекітіліп, олардың жалпы құны 240 млн АҚШ долларынан асты. Жекелеген келісімшарттар қатты бидай (дурум), жемдік ұн, бұршақ дақылдары мен күріш жеткізуді, сондай-ақ жергілікті сауда желілері мен мамандандырылған дистрибьюторлар арқылы өткізу арналарын дамытуды көздейді. Бірқатар меморандум логистикадан бастап сервистік шешімдерге және қосылған құны жоғары өнімдерді ілгерілетуге дейінгі бағыттар бойынша өңірде қазақстандық компаниялардың тұрақты қатысу инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.
QazTrade ұйымдастырған дөңгелек үстел өндірушілер мен шетелдік серіктестер арасындағы мазмұнды әрі нақты диалогқа арналған жұмыс алаңына айналды. Талқылаулардың негізгі тақырыптары біржолғы жеткізілімдерден ұзақ мерзімді келісімшарттарға көшу, GCC елдері нарықтарының сапа мен сертификаттауға қоятын талаптары, логистика мәселелері, сондай-ақ делдалсыз тікелей B2B тізбектерін құру болды.
Іскерлік бағдарлама аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Таяу Шығыс пен Азиядағы ірі бөлшек сауда желілерінің бірі LuLu Group International басшылығымен жұмыс кездесуі өтті.
Тараптар LuLu сауда желісінде қазақстандық тауарлардың қатысуын кеңейту, отандық өндірушілермен тікелей келісімшарттарды дамыту және қосылған құны жоғары өнімдер жеткізілімін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Қазақстандағы логистикалық және қойма инфрақұрылымды дамыту, қаптау және экспорттық нарыққа дайындау жобалары, ұзақ мерзімді сатып алу бағдарламаларын қалыптастыруды қоса алғанда, инвестициялық мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды.
Қол қойылған келісімдер мен өткізілген келіссөздер Қазақстанның Gulfood көрмесіне алғаш рет біртұтас Ұлттық павильонмен қатысуы аясында өтті. 26–30 қаңтар аралығында Дубайда өтіп жатқан көрме азық-түлік пен сусындар саласындағы халықаралық сауданың басты жаһандық платформаларының бірі болып саналады. Қазақстандық компаниялар үшін Gulfood 2026 көрмесіне қатысу витриналық форматтан гөрі, Таяу Шығыс, Африка және Оңтүстік Азия нарықтарына шығудың қолданбалы құралына айналып, экспорттық ниеттердің нақты келісімшарттар мен ұзақ мерзімді серіктестіктерге ұласуына мүмкіндік берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1150553?lang=kk