Марокко Қазақстанның прагматикалық саясаты мен құрылымдық реформаларын жоғары бағалайды
29.01.2026 14:00:28 139
Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Сәулекүл Сайлауқызын Марокко Королінің Экономика және өркениеттер диалогы мәселелері жөніндегі бас кеңесшісі Андре Азуле қабылдады.
Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың дамуы және екі елдің стратегиялық мүдделерінің сәйкес келетінін атап өтті. С.Сайлауқызы Ұлттық құрылтайдың V отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Қазақстандағы ауқымды конституциялық реформалар туралы мәлімет берді.
Марокколық тарап Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясында конфессияаралық диалогтың жаһандық алаңы ретіндегі рөлін ерекше атап айтты. Елші Қазақстан мен Марокко арасындағы өркениетаралық өзара іс-қимылды жалғастырудың маңыздылығына тоқтап, 2025 жылғы қыркүйекте Астанада өткен VIII Съездің қорытындыларымен таныстырды.
Корольдің кеңесшісі Қазақстанға тәнті қарайтынын және қазақстандық сыртқы саяси бағыт пен саяси жаңғырту тәжірибесіне жоғары баға беріп, жүргізіліп жатқан реформалардың прагматизмі мен теңдестірілгендігін атап өтті. Ол сондай-ақ бейбітшілікті сақтау, төзімділік, мәдениеттер мен өркениеттер диалогы мәселелері бойынша Астана мен Рабаттың ұстанымдарының тұжырымдамалық ұқсастығына назар аударды.
Осы тұрғыда тараптар Астананың «Ибраһим келісімдеріне» қосылу шешімі, сондай-ақ жақында Қазақстан мен Марокконың АҚШ Президенті Дональд Трамп бастамасымен құрылған «Бейбітшілік кеңесіне» қосылуы қазақстандық-марокколық ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
А.Азуле жаһандық фрагменттеу және өркениетаралық қарама- қайшылықтар кезеңінде Әл-Фарабидің интеллектуалдық және философиялық мұрасының өзектілігін атап, ұлы ойшылдың идеяларын әлемдік деңгейде насихаттау жөніндегі Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың бастамасына жоғары баға берді.
Сонымен қатар, кездесу барысында екіжақты өзара іс-қимыл мәселелері және саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту перспективалары талқыланды. Қазақстан Сыртқы істер министрі мен Парламенті Мәжілісі төрағасының 2025 жылы жасаған сапарларының қорытындылары бойынша келісімдерді жүзеге асыруға, оның ішінде өзара сауда көлемін арттыруға, оңтайлы құрлықаралық көлік-логистикалық бағыттарды құруға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске қосудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-rabat/press/news/details/1150576?lang=kk