Шикізат – технологиялар алмасуы: Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты әріптестіктің жаңа көкжиектері
29.01.2026 17:02:00 135
Берлин, 2026 жылғы 28 қаңтар – Бүгін Германия астанасында «Қазақстандағы шикізат өндіру жөніндегі жаңа жобалар: өзекті, реалистік және қаржылық тұрғыдан іске асырылатын» тақырыбында Дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Германия Федеративтік Республикасының мемлекеттік органдарының, ғылыми және сараптамалық орталықтардың, іскерлік қауымдастықтардың 50-ден аса өкілдері, сондай-ақ Deutsche Bank, Commerzbank, KfW қаржы институттарының басшылары мен жетекші неміс салалық компанияларының мүшелері қатысты.
ҚР-ның ГФР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов алғы сөзінде Қазақстанның көптеген жылдар бойы Германия мен Еуропа үшін энергетикалық ынтымақтастық саласындағы сенімді әріптес болып келе жатқанын атап өтті. Жаһандық энергетикалық өзгерістер жағдайында қазақстандық тарап әлемдік экономиканы декарбонизациялау мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті сындарлы маңызы бар шикізат түрлерін тасымалдау саласындағы өзара іс-қимылды одан ары дамыту мүмкіндіктерін қарастырып отыр. Дипломат Қазақстанда тұрақты тасымалдау тізбектерін қалыптастыру үшін барлық қажетті алғышарттар жасалғандығын, соның ішінде әртараптандырылған минералдық-шикізат базасы, дамыған инфрақұрылым, білікті кадрлар мен өнеркәсіптік әлеует бар екенін атап өтті.
Панельдік пікірталас барысында Германияның ресурстар агенттігінің (DERA) басшысы Петер Буххольц, Германия экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс, Шетелдік тау-кен өнеркәсібі және халықаралық шикізат қызметі қауымдастығының (FAB) атқарушы директоры Мартин Ведиг сөз алды. Спикерлер ресурстық қауіпсіздік саласындағы өзекті сын-қатерлерге назар аударып, Қазақстанмен әріптестіктің маңыздылығын, атап айтқанда шикізатты өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды дамыту, тасымалдардың ашық болуын арттыру және заманауи технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті.
Іс-шара аясында сындарлы маңызы бар шикізат материалдарын өндіру және өңдеу, сондай-ақ шикізат жобаларын қаржыландыру мәселелеріне арналған үш тақырыптық сессия өтті. Сараптамалық және іскерлік орта өкілдері «шикізатты – технологияларға алмасуы» формуласы бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделіліктерін атап өтіп, Қазақстанда аталмыш бастамаларды іске асыру үшін қолайлы инвестициялық жағдай мен тиімді нормативтік-құқықтық база қалыптасқанын айтты.
Германия тарапының Қазақстанды индустрияландыру үдерісіне белсенді түрде қатысып отырғаны, өз инвестицияларының 90 пайыздан астамын өңдеу секторына бағыттайтыны ерекше атап өтілді. Өзара толықтырушы сипат іскерлік әріптестікті одан ары нығайту үшін берік негіз қалыптастырады деген тұжырымға келді.
Дөңгелек үстел мен тараптардың бірлескен жұмысы Қазақстан мен Германия арасындағы жаңа жобаларды іске асыруға және стратегиялық әріптестікті нығайтуға ұмтылысын көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-berlin/press/news/details/1150742?lang=kk