Алматы облысында пайдаланылмай жатқан 1,26 млн гектар жер анықталды
29.01.2026 19:40:53 173
Алматы облысында өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен жер ресурстарын тиімді пайдалану және заңсыздықтарға тосқауыл қою мәселелері талқцланған жиын өтті.
Ккеңестің күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар қатарында облыста пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру деректері және мемлекеттік тапсырмалардың формалды орындалуы болған.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахмановтың мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,26 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер анықталған. Оның ішінде:
• 517,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған,
• тек 2025 жылдың өзінде 91,1 мың гектар жер қайта алынған.
Қазіргі таңда 323 мың гектар жер қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Сонымен қатар:
• 9,4 мың гектар жер сот өндірісінде қаралып жатыр,
• 2,1 мың гектар жер иесіз мүлік ретінде тіркелген,
• 272,6 мың гектарға қатысты жер салығын өсіру туралы ұйғарым берілген.
Сондай-ақ ол, жергілікті атқарушы органдар қазіргі уақытта сенімсіз жер пайдаланушылармен келісімшарттарды бұзу мақсатында 1 059 жер учаскесіне (136 мың гектар) қатысты құжаттарды әзірлеп жатқанын айтты.
«Біздің міндет – жерді қайтару ғана емес, оны экономикаға нақты енгізу. Биыл қосымша 40 мың гектар жерді мемлекетке қайтаруды, бес инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды және Алматы маңында үш индустриялық аймақ құруды жоспарлап отырмыз», – деді Аманжол Әбдірахманов.
Мемлекет меншігіне өткен жерлердің ішінде 322,9 мың гектар қайта ауыл шаруашылығы айналымына енгізілген. Оның ішінде:
• 165,9 мың гектар – конкурс арқылы таратылған;
• 138,5 мың гектар – жергілікті тұрғындардың мал жаюына берілген;
• 18,5 мың гектар – инвестициялық жобалар үшін бөлінген.
2025 жылы бірқатар аудандар мен Қонаев қаласында сәулет және жер заңнамасының сақталуына талдау жүргізілген. Негізгі заңбұзушылықтар жер учаскелерін беру және олардың мақсатты бағытын бас жоспарға қайшы өзгерту деректерімен байланысты болған.
Алдын алу мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері қабылданып, мониторинг күшейтілді. Нәтижесінде 2025 жылы бұзушылықтар саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда азайған.
Кеңесте жер қойнауын пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Манасбаеваның айтуынша, Алматы облысында шамамен 296 карьер жұмыс істейді, ал облыстың шикізат қоры өңір мен Алматы қаласының қажеттілігін толық өтейді.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша пайдалы қазба өндіру көлемі 13 пайызға артты. Ал 2025 жылы бюджетке түскен түсім 18,2 млрд теңгені құрады», – деді Айгүл Манасбаева.
Алайда заңсыз өндіру мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. 2025 жылы:
• 18 заңсыз өндіру фактісі анықталған,
• келтірілген алдын ала шығын 15,1 млрд теңгені құраған,
• қылмыстық істер қозғалған.
Әсіресе Еңбекшіқазақ ауданындағы бір ауылдық округте жылдың басынан бері бір учаскеде 25 рет қайталанған заңсыз өндіру дерегі тіркелген.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бұған дейін берілген тапсырмалар толық орындалмағанын атап өтті.
«Жер мен жер қойнауын заңсыз пайдалану экономикаға да, экологияға да тікелей зиян келтіреді. Тапсырмалар формалды емес, толық орындалуы тиіс. Заңсыз шешімдер жойылып, жер мемлекет меншігіне қайтарылуы қажет», – деді өңір басшысы.
Әкім жерді қайтару бойынша сот жұмыстары мен тексерістерді күшейтуді, аумақтарды толық зонирлеуді, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын аяқтауды және Алматы агломерациясында ауыл шаруашылығы жерлерін бөлшектеу тәжірибесін тоқтатуды тапсырды.
Сонымен қатар, заңсыз қазба өндіру ошақтарына бақылау бекеттерін орнату және ведомствоаралық өзара іс-қимылды кеңейту жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1151089?lang=kk