Қазақстан мен Польша өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерінің кең ауқымы бойынша ұстанымдарын салыстырды

Қазақстан мен Польша өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерінің кең ауқымы бойынша ұстанымдарын салыстырды

29.01.2026 20:50:46 159

Астана, 2026 жылғы 29 қаңтар – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Польшаның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың кезекті раунды өтті.

Кездесу барысында саяси ынтымақтастық, сауда-экономикалық өзара іс-қимыл және мәдени-гуманитарлық байланыстар мәселелерінің кең ауқымы талқыланды.

«Қазақстан Польшаны Еуропалық одақтағы маңызды саяси әрі экономикалық әріптес ретінде қарастырады және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі», – деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов.

Өз кезегінде Польша Сыртқы істер министрінің орынбасары Войцех Зайончковский Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі серіктес екенін атап өтіп, өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді.

Дипломаттар сауда-экономикалық блокқа ерекше назар аударып, өзара сауда мен инвестицияларды одан әрі ұлғайту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, 2025 жылдың 11 айында өзара тауар айналымы 1,1 млрд АҚШ долларын (+6%) құрады, оның ішінде экспорт – 496,3 млн АҚШ доллары (+10,2%), импорт – 605,9 млн АҚШ доллары (+2,7%). Қазақстан аумағында шамамен 150 поляк компаниясы қызмет атқарады. 2005 жылдан бері Польша тарапынан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 600 млн АҚШ долларынан асты. Екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары қатарында энергетика, көлік, логистика, ауыл шаруашылығы, білім беру және IT салалары бар.

Сонымен қатар тараптар сауда-экономикалық байланыстарды дамытудағы негізгі құрал болып саналатын Үкіметаралық комиссияның алдағы отырысына дайындық барысын қарастырды.

Бұдан бөлек, дипломаттар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар мен халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі жалғастыруға бейілділігін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1151104?lang=kk