Мехикода Түркі тілдерінің Дүниежүзілік күні атап өтілді

Мехикода Түркі тілдерінің Дүниежүзілік күні атап өтілді

30.01.2026 08:40:57 147

Мехико, 2026 жылғы 28 қаңтар – Мексиканың астанасында Түркі тілдерінің Дүниежүзілік күніне арналған конференция өтті. Аталған шара Мексикадағы Юнус Эмре институтының ұйымдастыруымен, Қазақстан, Түркия және Әзербайжанның дипломатиялық өкілдіктерінің қатысуымен өткізілді.

Іс-шарада өз ана тілдерінде Қазақстан Республикасының Мексикадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков, сондай-ақ Түркия Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшілері – Мурат Салим Есенли мен Сеймур Фаталиев, құттықтау сөз сөйледі.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі А.Тұрғанбеков түркі тілдері бауырлас халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі әрі олардың төл болмысы мен рухани бірегейлігін сақтаудың маңызды факторы екенін баса айтты.

А.Тұрғанбеков түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық және мәдени ынтымақтастықтың артып келе жатқан рөліне, сондай-ақ түркі тілдері мен мәдениетін сақтау және ілгерілету жөніндегі негізгі алаң ретінде Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) қызметіне ерекше назар аударды. Елші Қазақстанның ТМҰ аясындағы бастамаларды іске асыруға қосып отырған белсенді үлесін, соның ішінде түркі әлемінің Латын Америкасы елдерімен халықаралық диалогын кеңейтуге бағытталған қадамдарын атап өтті.

Іс-шара аясында профессор, ғылым докторы Мехмет Неджати Кутлу түркі тілдерінің дамуы мен өзара байланысына арналған дәріс оқыды. Дәріс барысында профессор түркі тілдерінің қалыптасу тарихына, олардың алғашқы түркі жазба дәстүрінің негізін құраған орхон-енисей жазба ескерткіштерінің тамыр алған барып тірелетін прототүркілік тілдерге жан-жақты тоқталды.

Сонымен қатар, профессор М.Неджати Кутлу 15 желтоқсанда атап өтілетін Түркі тілдерінің дүниежүзілік күнінің маңыздылығына назар аударды. Аталған күнді белгілеу туралы шешім 2025 жылғы қараша айында Самарқанд қаласында өткен ЮНЕСКО Бас конференциясында қабылданды. Профессор бұл бастама түркі әлемінің тілдік және рухани бірлігін нығайтуға, сондай-ақ түркі елдері халықтарының өзара қарым-қатынасын кеңейтуге және олардың мәдени тұрғыдан ықпалдасуына қолайлы жағдай жасауға ықпал ететінін ерекше атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-mexico/press/news/details/1151131?lang=kk