Қазақстан Афина энергетикалық саммитінде энергетикалық басымдықтары мен реформаларын таныстырды
30.01.2026 16:00:45 277
Афина, 2026 жылғы 29 қаңтар – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин 3000-нан астам мемлекеттік органдардың, энергетикалық компаниялардың, халықаралық ұйымдардың, талдау орталықтарының және дипломатиялық корпустың өкілдерін біріктірген «Athens Energy Summit – 2026» халықаралық форумының жұмысына қатысты. Форумға Грекияның Қоршаған орта және энергетика министрлігінің, Еуропалық комиссияның, Халықаралық энергетикалық агенттіктің өкілдері, сондай-ақ жетекші энергетикалық компаниялар мен салалық қауымдастықтардың басшылары қатысты.
Өз сөзінде Елші энергетиканың Қазақстанның орнықты дамуының негізгі элементі әрі жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Ол Қазақстанның әлемдік энергетикалық нарықтардың тұрақтылығы мен болжамдылығын дәйекті түрде қолдайтынын және күрделі геосаяси әрі климаттық сын-қатерлер жағдайында Еуропа үшін сенімді және жауапты әріптес болып қала беретінін атап өтті.
Елші Сұлтанғожин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысы барысында елдің энергетикалық саясатын жаңғыртудың басым бағыттарын айқындағанын хабарлады. Олардың қатарында дәстүрлі көмір және газ генерациясын дамыту, су ресурстарын ұтымды пайдалану, сондай-ақ энергия ресурстарын экспорттау бағыттарын әртараптандыру, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) ілгерілету.
Сөз барысында энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Елші энергетикалық нысандардың тұрақтылығы мен қорғалу деңгейі үздіксіз жеткізілімдерді және халықаралық нарықтардың тұрақтылығын сақтау үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтті.
Қазақстанның көмір қоры мен өндіру көлемі, сондай-ақ уран өндірісі бойынша әлемде жетекші орын алатыны, жаңартылатын энергия көздерін белсенді дамытып келе жатқаны және атом энергетикасы саласындағы жобаларды іске асыруды бастағаны атап өтілді. Сондай-ақ ел энергетикалық инфрақұрылымды цифрландыруға және өңіраралық әрі жаһандық энергетикалық тұрақтылықты нығайтудың факторы ретінде трансшекаралық көлік байланысын дамытуға басымдық беріп отыр.
Елші өз сөзінде Қазақстанда институционалдық тұрақтылықты нығайтуға, технологиялық жаңғыртуға және әділетті әрі теңгерімді экономикалық модель қалыптастыруға бағытталған ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Сөзінің соңында Тимур Сұлтанғожин энергетика саласындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдіріп, Қазақстанның Грекияны Еуропалық Одақ пен Шығыс Жерорта теңізі кеңістігіндегі маңызды әріптес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1151606?lang=kk