1:72 масштабтағы шағын әскер: Қарағанды гарнизонының сарбаздары тарихтағы ұлы шайқастарды қайта жандандыруда
31.01.2026 10:40:49 123
Біреулер бос уақытын әлеуметтік желілерді ақтарумен өткізсе, Қарағанды гарнизонындағы 44803 әскери бөлімінің сарбаздары тура мағынасында тарихты өз қолдарымен жасап жүр. Жауынгерлік дайындық сабақтарының арасындағы үзілістерде олар әлемдік және отандық әскери тарихтағы маңызды шайқастар мен аңызға айналған тұлғаларға арналған ауқымды диорамалар құрастыруды әдетке айналдырған.
Бұл шығармашылық жоба дивизион командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары майор Рамазан Бақтияровтың бастамасымен қолға алынған. Офицердің әскери модельдеуге деген қызығушылығы әскери академияда оқып жүрген жылдары пайда болған. Уақыт өте келе ақиқатқа айналды.
Алғашқы бірлескен жұмыс 2021 жылы жасалған «Курск шайқасы» диорамасы болды. Бүгінде топтамада Орбұлақ шайқасы, Бородино шайқасы, Мәскеу мен Сталинград түбіндегі ұрыстар, Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған композициялар, сондай-ақ Вьетнам және Ауғанстан соғыстарына арналған диорамалар бар.
Ең ауқымды жұмыстардың бірі - «Бородино шайқасы». Онда 300-ге жуық жауынгер мүсіні және сонша ат бейнеленген. Әр диорамаға бір шақырылымнан шамамен он әскери қызметші атсалысады. Оның ішінде суретшілік қабілеті бар сарбаздар жобаны ерекше ықыласпен қолдау көрсетуде.
Жер бедерін бейнелеу үшін пенопласт, құм, тас, саз балшық, ағаш бұтақтары мен шөп секілді түрлі қолда бар материалдар пайдаланылады. Фон тарихи фотосуреттермен толықтырылады. Ал бір композицияны жасауға архивтер мен кинохроникаларды зерттеуден бастап, соңғы макетке дейін орта есеппен екі ай уақыт кетеді.
Дайын диорамалар мектептер мен колледждерде таныстырылып, әскери бөлімде өтетін ашық есік күндері қонақтарға көрсетіледі. Қазіргі таңда майор Бақтияров ғұндардың көсемі Аттилаға арналған жаңа диорама жасауға дайындық үстінде.
Бұл жоба бірлескен шығармашылық пен әскери тарихқа деген терең қызығушылық арқылы жас әскери қызметшілердің бойында патриотизмді, жауапкершілік сезімін және батыр бабалардың ерлігіне деген құрметті қалыптастыратынын айқын көрсетеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1152068?lang=kk