Армия аналардың көзімен: Ашық есік күніне орай әскери бөлімдерге 4000-нан астам адам келді
01.02.2026 12:01:32 200
Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған бірыңғай Ашық есік күні аясында гарнизондардағы әскери бөлімдерге сарбаздардың 4000-нан астам туған-туысы мен жақыны жиналды.
Қонақтар үшін қару-жарақ пен әскери техника көрмелері өткізілді. Ата-аналар қызмет барысында ұлдарының нені меңгергенін өз көздерімен көрді. Сап және оқу алаңдарында сарбаздар қарумен саптық тәсілдерді, қоян-қолтық ұрыс элементтерін және оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындаудағы шеберліктерін көрсетті.
Келушілерге қорғаныс ведомствосы жүргізіп отырған тәрбие жұмысы мен әскери тәртіпті қамтамасыз ету шаралары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ қарумен жұмыс істеу, сабақтар мен жаттығулар өткізу кезінде қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ететіні жан-жақты түсіндірілді.
Қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы мерзімді әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына жауынгерлік дайындықтың ұйымдастырылуымен, қызмет пен тұрмыс жағдайларымен жеке танысуға мүмкіндік берді. Қонақтар казармаларды аралап, жатын орындар мен тұрмыстық аймақтарды көрді.
Асханаларда тамақтану қалай ұйымдастырылғанын көріп, сарбаздардың рацион тәртібі мен алуан түрлілігін бағалады. Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі – бірлескен түскі ас болды.
Қарапайым өтсе де, мағынасы айрықша бұл кездесу ата-аналарға ерекше әсер етті.
Кеше ғана жасөспірім болған ұлдары сенімді, тәртіпті, бір-біріне қолдау көрсетуге дайын нағыз ер-азаматтарға айналған.
Іс-шара ата-аналарға ұлдарының кәсіби командирлердің басшылығымен қызмет етіп, қажетті жан-жақты қолдау алып жатқанын өз көздерімен көруге мүмкіндік берді. Бұл стереотиптерді жоюға және сарбаздарға қамқорлық жасау – армияның сөзсіз басымдығы екеніне деген сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1152182?lang=kk