Страсбургтағы халықаралық лицейде ядролық қаруға қарсы көрме ұйымдастырылды

Страсбургтағы халықаралық лицейде ядролық қаруға қарсы көрме ұйымдастырылды

02.02.2026 13:28:19 115

Страсбург, 2026 жылғы 2 ақпан – Қазақстан Республикасының Бас консулдығының қолдауымен Страсбург қаласындағы жетекші халықаралық оқу орындарының бірі – Lycée International des Pontonniers алаңында Семей ядролық полигонында ядролық сынақтардың жойқын зардаптарына арналған фотокөрме ұйымдастырылды.

Өз жобалық жұмысы аясында лицейдің қазақстандық оқушысы Әмірхан Толыбек оқушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамға ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы оқиғаларға жетелейтін және ядролық сынақтарға байланысты үрейлі шындықты ашатын экспозициясын ұсынды.

«Ұсынылған суреттемелер бір мемлекеттің, қазақстандық халықтың тарихын, менің отандастарымның бірнеше буынының тағдыры мен қайғыларын сипаттайды. Бұл бейнелеулер Семей полигоны аумағында 40 жылдан астам уақыт бойы жүргізілген 450-ден артық ядролық сынақтың қайғылы салдарын дәлелдейді. Фотосуреттер арқылы қазіргі ұрпақтың бұл ажал құралына ешқашан қайта жолықпауына назар аудартқым келді, себебі сынақтардың салдарын қысқа мерзімде жою мүмкін емес, ал «жарылыстардың жаңғырығы» тіпті шөберелердің бойынан да сезіледі», – деп А.Толыбек қатысушылар алдында сөз сөйледі.

Кеңінен ұсынылған презентация арқылы лицей оқушылары ядролық қарудың пайда болуының тарихымен және оның апатты салдарымен толыққанды танысуға, сондай-ақ қайғылы әрі ауыр тағдырлы Курчатов қаласының жағдайын сезінуге мүмкіндік алды.

Көрермендерге Қазақстандағы «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалысының дамуы және БҰҰ шешімімен, Қазақстанның елеулі үлесін мойындай отырып, Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде атап өтілетін – 29 тамыз күнінің (1949 ж. алғашқы сынақ күні, сондай-ақ егемен Қазақстан 1991 ж. сынақ полигонын жапқан күн) маңыздылығы туралы баяндалды.

Презентацияға қатысушылар тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарының бірі – ядролық қарусыздануға бейілділігі, сондай-ақ әлемдегі көлемі жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан мемлекеттің маңызды халықаралық бастамалары туралы хабардар етілді.

1902 жылы негізі қаланған Понтоннье халықаралық лицейі халықаралық секцияларға ие бакалавриат бағдарламасын жүзеге асыратын Страсбург академиясына қарасты оқу орны болып табылады. Лицей өз кең ауқымды академиялық бағдарламалары мен шет тілдерін терең оқытуы негізінде еуропалық және халықаралық бағыттағы білім беру мекемелеріне берілетін Euroscol белгісіне ие (Францияның Білім министрлігі тарапынан берілетін мемлекеттік сапа белгісі).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-strasbourg/press/news/details/1152608?lang=kk