2025 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі мен номиналды кірістілігі оң деңгейде қамтамасыз етілді
03.02.2026 15:36:48 150
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) зейнетақы активтерін басқару жөніндегі инвестициялық қызметінің қорытындысы бойынша 2025 жылы есептелген инвестициялық кіріс көлемі 1,77 трлн теңге болды. Валюта бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі жағдайында 2025 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы активтерінің салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген кірістілігі 7,43% көрсетті.
Зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа мерзімді кезеңдердегі кірістілігі оларды ұзақ мерзімді басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды (мәселен, зейнетақы активтерінің 2024 жылғы инвестициялық кірістілігі – 17,96%). Кірістілік деңгейі қаржы құралдарының, валюта бағамдарының және кезеңнен кезеңге дейінгі өзге де көрсеткіштердің нарықтық құнының құбылмалылығына байланысты екенін атап өту маңызды. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін объективті талдауды ұзақ мерзімді кезеңге жасаған жөн.
2025 жылы кірістілік деңгейіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі – теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюына байланысты теріс бағамдық қайта бағалау. Бұл ретте зейнетақы активтерінің құрылымындағы 41% үлес шетел валюталарында номиналданған қаржы құралдарына жасалған инвестицияларға тиесілі.
Қазақстанда 2025 жылы қалыптасқан кірістілік көрсеткішін әлемдегі кірістілік көрсеткіштерімен салыстыратын болсақ, Willis Towers Watson[1] халықаралық талдау агенттігінің деректері бойынша 12 айдағы ең ірі зейнетақы нарықтарының номиналды кірістілігі (01.10.2025 жылғы жағдай бойынша) мынадай: Еуроаймақ – 4,7%, Ұлыбритания – 4,1%, Швейцария – 3,4%, Канада – 9,2%, АҚШ – 10,9%, Жапония-3,3%.
Орта және ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) кірістілігі қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап жинақталған инвестициялық кірістілік 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша өспелі жиынтықпен 1 060,17% болды, ал бүкіл кезең ішіндегі инфляция 941,90%.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2014 жылдан бері (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) жинақталған таза инвестициялық кіріс 10,43 трлн теңгені құрады. Оның салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі үлесі жасалған төлемдер есебімен 41,4%-ға тең, бұл инвестициялық қызметтің зейнетақы жинақтарын қалыптастырудағы маңыздылығын көрсетсе керек.
Сондай-ақ, салымшылардың өз зейнетақы активтерінің бір бөлігін (міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін) реттеушінің талаптарына сәйкес келетін жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) басқаруына аударуға құқығы бар.
ҚР Ұлттық банкінің зейнетақы активтерін ұзақ мерзімді кезеңде сақтауға және олардың оң кірістілігін қамтамасыз етуге бағытталған неғұрлым консервативті басқару тәсілімен салыстырсақ, ИПБ-лардың инвестициялық декларациялары мен реттеушінің талаптары зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыру мақсатындағы (бұл ретте ИПБ-дағы тәуекелдер де жоғары) неғұрлым кең инвестициялық мүмкіндіктерді көздейді.
Қазақстанда ҚРҰБ басқаруындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейін ескере отырып, сақталуына бірегей кепілдік берілетінін еске саламыз. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Статистика және аналитика/Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
[1] Global Pension Finance Watch – 3rd quarter 2025, WTW
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-mendykarin-audany-akimat/press/news/details/1153680?lang=kk