Қазақстан мен Азия даму банкінің одан әрі ынтымақтастығының басымдықтары талқыланды
03.02.2026 18:57:21 149Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстандағы Азия даму банкінің (АДБ) Тұрақты өкілі Утсав Кумармен кездесу өткізді.
Азия даму банкі – Қазақстанның негізгі халықаралық серіктестерінің бірі және бұл ұйыммен 30 жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан ынтымақтастық ұзақмерзімді әрі стратегиялық сипатқа ие.
«Қазақстандағы АДБ жобалары айқын әрі оң әсерін тигізіп, елдің орнықты экономикалық дамуына, инфрақұрылымды жаңғыртуға және институционалдық реформаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қосып келеді. Біз АДБ-ның көлік байланысы мен өңірлік интеграция, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ қаржылық қызметтерге қолжетімділікті арттыру сияқты басым бағыттардағы қолдауын жоғары бағалаймыз», – деп атап өтті Е.Ашықбаев.
Сонымен қатар ол жүзеге асырылып жатқан жобалардың тиімділігін арттырудың және олардың Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына практикалық қайтарымын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Министрдің бірінші орынбасары АДБ-ның Тұрақты өкілін Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды экономикалық және конституциялық реформалар туралы хабардар етіп, елімізде жүзеге асырылудағы өзгерістердің басымдықтарын ескере отырып, жобаларды іріктеу бойынша жұмысты жолға қоюдың маңыздылығын жеткізді.
Өз кезегінде У.Кумар АДБ-ның Қазақстан Үкіметімен тығыз әрі сындарлы өзара іс-қимылын атап өтіп, ынтымақтастық жылдары ішінде Банктің ел экономикасына 7,5 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салғанын айтты. Сондай-ақ ол АДБ-ның серіктестікті одан әрі тереңдетуге және әлеуметтік әрі экономикалық маңызы бар жобалар көлемін ұлғайтуға дайын екенін білдірді.
Тараптар 2026 жылы көктемде АДБ Президенті Масато Канданың Қазақстанға жоспарланып отырған сапарын талқылады. Бұл сапар ҚР мен АДБ арасындағы серіктестіктің стратегиялық сипатын растайтын маңызды оқиға ретінде қарастырылуда.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша АДБ және оның Қазақстандағы өкілдігімен одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1154109?lang=kk