«Қазақстан – Пәкістан» бизнес-форумы аясында жалпы құны 200 млн АҚШ долларына жуық 32 коммерциялық құжатқа қол қойылды

«Қазақстан – Пәкістан» бизнес-форумы аясында жалпы құны 200 млн АҚШ долларына жуық 32 коммерциялық құжатқа қол қойылды

04.02.2026 18:53:48 228

Бизнес-форум алаңында барлығы 32 коммерциялық құжат рәсімделді. Қол қойылған келісімдер қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, цифрлық сервистер мен инфрақұрылым салаларындағы қазақстандық-пәкістандық ынтымақтастықты дамыту мен тереңдетуге бағытталған.

Сапар аясындағы ең ірі өнеркәсіптік келісім – қазақстандық Falcon EuroBus ЖШС мен пәкістандық QCC International компаниясы арасында отандық электробустарды Пәкістанға жеткізу туралы жасалған, құны 108 млн АҚШ доллары болатын келісімшарт болды. Бұл құжат ұлттық машина жасау саласын ілгерілету және халықаралық нарықтарда Made in Kazakhstan брендін нығайту тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Сонымен қатар, экспорттық өнім түрлерін кеңейту мен жоғары технологиялық өндірісті одан әрі жергіліктендіруге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Келісімдердің елеулі бөлігі бірлескен инвестициялау тетіктерін іске қосуға және қаржылық ынтымақтастық инфрақұрылымын дамытуға арналды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» АҚ мен Fauji компаниялар тобы Қазақстан мен Пәкістан аумағында жобаларды іріктеу және іске асыру үшін бірлескен инвестициялық платформа құру жөніндегі келісімге келді.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Habib Bank Limited арқылы жобалық және сауда қаржыландыру бағытындағы серіктестігін кеңейтіп, көлік-логистика секторында TCS Private Limited компаниясымен ынтымақтастық орнатты.

Сондай-ақ Freedom Holding Corp. пен «Фридом Банк Қазақстан» АҚ пәкістандық серіктестермен бірқатар келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, Meezan Bank Limited-пен 20 млн АҚШ доллары көлемінде корреспонденттік қатынастарды дамыту және халықаралық есеп айырысулар жөнінде келісім жасалды. Бұдан бөлек, трансшекаралық қаржылық және цифрлық сервистерді дамытуға бағытталған уағдаластықтар бекітілді.

Келісімдердің маңызды бөлігі көлік-логистика секторына тиесілі болды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пен National Logistics Corporation мультимодальды тасымалдар мен транзит саласындағы ынтымақтастық туралы келісті.
«Қазпошта» АҚ Pakistan Post және TCS Private Limited компанияларымен пошта-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде меморандумдарға қол қойды. Сонымен қатар, Ақтау халықаралық теңіз сауда порты мен Карачи порты порттық логистиканы дамыту және өзара ықпалдастықты кеңейту туралы келісімдерге келді.

Өнеркәсіп саласында KazFoodProducts пен Almoiz Group арасында Жетісу облысында қант өндіретін бірлескен кәсіпорын құру жөнінде 20 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестициямен келісім жасалды. Сондай-ақ Kusto Group пен QazTrade арасында құрылыс материалдарын өндіруді дамытуға бағытталған 20 млн АҚШ доллары көлеміндегі меморандумға қол қойылды.

Химия және қайта өңдеу өнеркәсібінде BARK Qazaqstan ЖШС мен пәкістандық бейінді құрылымдар арасында келісімдер жасалды. Сонымен қатар, Қызылорда облысында химиялық өндіріс іске қосу жөнінде NorSon Chemical Industries мен «Байқоңыр» ӘКК арасында меморандумға қол қойылды.

Цифрлық сервистер, IT және телекоммуникация саласын қамтитын жеке келісімдер топтамасы да бар. Astana Hub пен IGNITE Pakistan стартап-экожүйелерді дамыту бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды. QazCode пен Jazz Pakistan телекоммуникация секторындағы өзара іс-қимылды жолға қою жөнінде уағдаласты.

Бұдан бөлек, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект саласында, сондай-ақ төлем сервистерін интеграциялау бағытында келісімдер жасалды. Білім беру және медицина салаларында Астана медицина университеті мен Maroof International Hospital, сондай-ақ iTech KZ пен Gift University арасында ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған меморандумдарға қол қойылды.

Ғарыш саласында «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ мен SUPARCO ғылыми-техникалық ынтымақтастық және спутниктік деректер алмасу жөнінде келісімге келді.

Сонымен қатар, Отбасы Банк пен Meezan Bank Limited арасында исламдық қаржыландыру саласындағы келісімдерге, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен екі елдің сауда-өнеркәсіп ұйымдары арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды.

«Қазақстан – Пәкістан» бизнес-форумы Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі тарапынан QazTrade және Kazakh Invest ұйымдарының белсенді қатысуымен ұйымдастырылды. Форум Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапары аясында өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1155035?lang=kk