Қарасай ауданында облыстық денсаулық сақтау басқармасының көшпелі алқа отырысы өтті
05.02.2026 08:31:25 165
Бүгін Қарасай ауданы Шамалған ауылының Мәдениет үйінде Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің қатысуымен көшпелі алқа отырысы өтті. Жиын барысында Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасының қызметіне қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Есептік баяндама аудандық аурухананың директоры Бауыржан Сатыбалды тарапынан ұсынылды. Сонымен қатар оның орынбасарлары мен аурухананың құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері сөз сөйледі. Алқа отырысын Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек ашып, жүргізді. Күн тәртібі аясында директордың ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Индира Кабаеваның және Қарасай ауданы бойынша МӘМС жүйесінің жауапты үйлестірушісі Гүлнара Жайсанбаеваның баяндамалары тыңдалды.
Отырыс басталғанға дейін Ержан Сүлейменов науқастарды қабылдау үдерісімен, дәрігерлердің жұмыс жағдайымен танысып, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Алқа отырысында медицина қызметкерлерінің, оның ішінде дәрігерлер мен орта буын медицина мамандарының біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Аталған бағыт бойынша нақты тапсырмалар беріліп, анықталған кемшіліктерді жою мерзімдері белгіленді.
Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық жабдықтармен жарақтандыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері де талқыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, оның ішінде жастар арасынан волонтерлерді тарта отырып, ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізуді ұсынды.
Отырысты қорытындылай келе, Ержан Сүлейменов Қарасай ауданының өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті: «Қарасай ауданы — облыстағы ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Сондықтан мұнда денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері ерекше жауапкершілікті, нақты ұйымдастыруды және кәсіби көзқарасты талап етеді. Анықталған барлық кемшіліктер белгіленген мерзімде жойылуы тиіс», — деді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Алқа қорытындысы бойынша аудандық аурухана басшылығына кадрлық мәселелер мен басқару үдерістерінің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1155119?lang=kk