Қазақстан Cыртқы істер министрі мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады
05.02.2026 12:14:02 244Вашингтон, 2026 жылғы 4 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Вашингтонға сапары аясында АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландаумен кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің кең ауқымын, оның ішінде саяси және экономикалық өзара іс-қимылды, сауда мен инвестицияларды дамыту, энергетика және аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты талқылады, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты.
Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға бейілділігін растады. Бейбітшілік кеңесін құру жөніндегі американдық бастамасына және осы форматқа Қазақстанның құрылтайшы ел ретінде қатысуына ерекше назар аударылды. Бұған қоса, 2026 жылғы желтоқсанда Майами қаласында өтетін G20 саммитіне Қазақстанның қатысуына дайындық мәселелері талқыланды.
Министр елдің энергия ресурстары мен аса маңызды минералдардың жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі стратегиялық рөлін атап өтіп, бұл саладағы ынтымақтастықты АҚШ-пен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетті.
Өз кезегінде, АҚШ дипломаты Қазақстанды Орталық Азиядағы және халықаралық аренадағы сенімді серіктес ретінде атап өтіп, алдағы байланыстар екіжақты қатынастар мен практикалық ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Келіссөздер барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары мен «С5+1» саммитінің қорытындысы бойынша шамамен 17 млрд АҚШ долларын құрайтын бұрын қол жеткізілген келісімдер мен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қолданыстағы ынтымақтастық форматтары аясында, сондай-ақ жаңа тетіктер мен бастамаларды іске қосу арқылы екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1155423?lang=kk