Словенияда Конституциялық реформалар талқыланды

Словенияда Конституциялық реформалар талқыланды

06.02.2026 08:04:21 112

Любляна, 2026 жылғы 4 ақпан – Қазақстан Республикасының Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словен Республикасының Әділет министрі Андрея Кокаль ханыммен және Словения Ұлттық жиналысы Сыртқы саясат комитетінің төрағасы Предраг Бакович мырзамен кездесулер барысында Қазақстанда жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Бұл реформалар демократиялық институттарды одан әрі нығайтуға, билік тармақтарының бөлінуі қағидатын дамытуға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Елші Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтайдың V отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан негізгі тезистерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, жүргізіліп жатқан саяси және институционалдық өзгерістердің логикасы мен мақсаттарына, сондай-ақ әділетті әрі тиімді мемлекет құруға бағытталған стратегиялық бағдарға назар аударды. Әңгіме барысында Конституциялық комиссияның қазіргі жұмысы, Қазақстан Республикасы Парламентінің алдағы трансформациясы, Конституция мәтініне енгізілетін өзгерістер және елдің саяси жүйесін жан-жақты жаңғыртуға бағытталған шаралар ерекше атап өтілді.

Словенияның Әділет министрі Мемлекет басшысының саяси бастамаларының бірегейлігін атап өтіп, Қазақстандағы сот жүйесін дамыту, сот өндірісін реформалау, судьялар корпусының тәуелсіздігін қамтамасыз ету және қоғамның сот билігіне деген сенімін арттыру мәселелеріне айрықша қызығушылық білдірді. Тараптар екі елдің Жоғарғы соттары арасындағы ынтымақтастықты, соның ішінде тәжірибе және сараптамалық алмасу арқылы кеңейтудің, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті. Словения Әділет министрлігі Қазақстанмен реадмиссия туралы, сондай-ақ қылмыстық және азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімдерге қол қоюға мүдделілік танытты.

Словения Ұлттық жиналысы Сыртқы саясат комитетінің төрағасы Предраг Бакович екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін растап, Қазақстанның Орта державалар қатарындағы рөлін және тұрақтылық кепілі ретіндегі маңызын жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан – Словенияның Орталық Азиядағы ең маңызды саяси және сауда-экономикалық серіктесі. Словениялық депутат конституциялық реформаға, соның ішінде бір палаталы парламент моделіне көшуге, этносаралық келісімге, Қазақстан халқы Ассамблеясының функциялары мен міндеттеріне, сондай-ақ ұлттық диалог алаңы және халықтық дипломатияның маңызды құралы ретінде қалыптасып жатқан Халық кеңесінің жаңа институтына ерекше қызығушылық танытты. Югославия елдерінің тарихи тәжірибесін ескере отырып, ол мұндай тетіктердің кез келген мемлекеттің ішкі үйлесімін қамтамасыз етудегі іргелі маңызын атап өтті және бұл процестердің словениялық ақпараттық кеңістікте сараптамалық тұрғыдан кеңінен түсіндірілуіне қызығушылық білдірді.

Словения тараптары фармацевтика саласындағы байланыстарды нығайту, Орта дәліз аясында көлік-логистикалық өзара іс-қимылды жолға қою, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу барысында дербес деректерді қорғау, сондай-ақ туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін визалық режимді ырықтандыру қажеттілігін қолдады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1155977?lang=kk