ҚР ІІМ Ұлттық ұланының өкілдері «Дала Қырандары» жастар бірлестігімен кездесу өткізді

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының өкілдері «Дала Қырандары» жастар бірлестігімен кездесу өткізді

06.02.2026 10:19:27 177

«Дала Қырандары» жастар бірлестігінің штабында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетовтің, Жауынгерлік даярлық бас басқармасының бастығы полковник Нұрлан Мұхамедовтің және Дене даярлығы мен спорт басқармасының бастығы полковник Сәтжан Әбішевтің қатысуымен кездесу өтті.

Іс-шара ашық диалог форматында ұйымдастырылып, жастардың азаматтық тәрбиесі, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселелерін талқылауға арналды. Кездесу барысында жастар ұйымдарының қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы және салауатты құндылықтарды ілгерілетудегі рөліне ерекше назар аударылды.

Жиын аясында бірлескен қызметтің негізгі бағыттары айқындалды. Атап айтқанда: есірткі құралдарының таралуының алдын алу; суррогат алкоголь өнімдерінің айналымына қарсы күрес және маскүнемдіктің алдын алу; көше спорт инфрақұрылымын қолдау және дамыту; салауатты әрі спорттық өмір салтын насихаттау; мемлекеттік және азаматтық-патриоттық құндылықтар мен рәміздерді қорғау мәселелері қамтылды.

Кездесудің бір бөлігі амфитеатр алаңында өтіп, оған жасы 16 мен 25 аралығындағы «Дала Қырандары» қозғалысының мүшелері қатысты. Жиын барысында тараптар өзара ынтымақтастық пен мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» бастамаларын, сондай-ақ өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған жобаларды бірлесе жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар құқықтық тәртіп әскерлері мен жастар ұйымдары арасындағы жүйелі диалогтың маңыздылығын атап өтіп, мұндай алаңдар жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге тартуға ықпал ететінін жеткізді.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1156125?lang=kk