Қазақстан мен Үндістан саяси диалогты тереңдетуге және консулдық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі
10.02.2026 17:23:39 124
Нью-Дели, 2026 жылғы 10 ақпан - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістан Сыртқы істер министрлік департаменттің Бас директоры доктор Биной Джорджпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін және сыртқы саяси ведомстволар арасындағы диалогты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Кездесулер барысында қазақ дипломаты Үндістан тарапын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан негізгі саяси және институционалдық реформалар туралы хабардар етті. Әсіресе конституциялық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, Президент өкілеттіктерін шектеу, Парламенттің рөлін арттыру, жергілікті өкілді органдардың құзыретін кеңейту, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін институционалдық тұрғыдан бекіту мәселелері атап өтілді.
Тараптар консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, соның ішінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тақырыптары бойынша пікір алмасты. Үндістан тарапы практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік танытып, алдағы уақытта консулдық консультациялар өткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді.
Кездесулер сындарлы әрі достық жағдайда өтіп, Қазақстан мен Үндістан арасындағы серіктестікті нығайтуға деген өзара мүдделілікті растады. Тараптар тұрақты байланыстарды қолдап, өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1158580?lang=kk