Нидерланд–Қазақстан: жаңа инвестициялық цикл және бизнес үшін стратегиялық мүмкіндіктер

Нидерланд–Қазақстан: жаңа инвестициялық цикл және бизнес үшін стратегиялық мүмкіндіктер

11.02.2026 08:10:05 199

2026 ж. 6 ақпанда Гаага қ. Нидерланд кәсіпкерлікті дамыту агенттігінің (RVO) бас кеңсесінде «Kazakhstan–Netherlands: New Investment Cycle & Strategic Opportunities» тақырыбында Нидерланд–Қазақстан бизнес қауымдастығының (NKBA) отырысы өтті. Іс-шара екі елдің мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері және сарапшылар қауымдастығын біріктірді.

Аталған кездесу жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді, Қазақстанның стратегиялық басымдықтарын және басталған жаңа инвестициялық цикл жағдайында екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаң болды.

Спикерлер қатарында Қазақстан Республикасының Нидерландтағы Құрметті консулы, NKBA төрағасы Хенк Нибур, RVO халықаралық сауда жөніндегі директоры Аннемике Брустерхаузен, сондай-ақ Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Ақан Рахметуллин және Нидерландтың Қазақстандағы Елшісі Нико Схермерс болды.

Іс-шараның жалпы тұжырымдамасы, соның ішінде презентациялар мен спикерлердің баяндамалары Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетіне берген сұхбатындағы және V Ұлттық құрылтайдағы сөзіндегі негізгі ережелерді түсіндіруге бағытталғаны ерекше атап өтілді. Аталған стратегиялық құжаттар қазіргі таңда елді жаңғыртудың жаңа кезеңінің негізін қалыптастырып, инвесторлар мен халықаралық әріптестер үшін ұзақмерзімді бағдарларды айқындайды.

Баяндамалар барысында Қазақстан экономикасын жаңғыртудың жаңа кезеңіне және әртараптандыруға, технологиялық дамуға әрі жоғары қосылған құн қалыптастыруға бағытталған қолайлы инвестициялық ортаны құруға кіріскені атап өтілді. Ел басшылығы жариялаған жаңа инвестициялық цикл шикізаттық модельден білім экономикасына, терең өңдеуге және индустриялық өсімге көшуді көздейді.

2025 ж. қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ өсімі 6,5%-ды құрап, экономика көлемі 300 млрд АҚШ долларынан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40%-ға жетіп, бұл экономиканың дәйекті әртараптандырылып, кәсіпкерлік сектордың нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Қазақстан экономикасындағы негізгі экономикалық серіктес ретінде Нидерландтың рөліне ерекше назар аударылды. Нидерланд Қазақстан экономикасына шамамен 126 млрд АҚШ доллары көлеміндегі инвестицияларымен ірі шетелдік инвестор мәртебесін сақтап отыр және Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің бірі болып табылады.

Іс-шара аясында Мемлекет басшысы айқындаған экономикалық дамудың бес басым бағыты ұсынылды:

  • өнеркәсіпті әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту;
  • көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту және Қазақстанды Еуразиядағы құн қалыптастыру платформасы ретінде орнықтыру;
  • агроөнеркәсіптік сектор және азық-түлік қауіпсіздігі;
  • цифрландыру және жасанды интеллект енгізу;
  • энергетикалық, су және инфрақұрылымдық тұрақтылық.

Қазақстан мен Нидерланд экономикаларының өзара толықтырушы сипаты атап өтілді: Қазақстан ауқымды нарық, ресурстар мен өсіп келе жатқан сұранысты ұсынса, нидерландтық компаниялар озық технологиялар, инженерлік шешімдер мен басқарушылық құзыреттерге ие. Бұл үйлесім ұзақмерзімді бірлескен жобалар мен индустриялық әріптестіктер үшін берік негіз қалыптастырады.

Кездесуге қатысушылар NKBA платформасына бизнес қызығушылығының тұрақты өсіп келе жатқанын атап өтті. Егер қауымдастықтың алғашқы кездесулеріне шамамен 30 қатысушы жиналса, қазіргі кездесу 80-ге жуық бизнес өкілін біріктірді. Бұл екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың серпіні мен өзара сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды одан әрі нығайтуға, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға және экономиканың негізгі секторларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екендіктерін растады. Өнеркәсіп, логистика, агроөнеркәсіптік кешен, цифрлық технологиялар және тұрақты инфрақұрылым салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылады. Бұл бағыттар Қазақстан мен Нидерланд арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңінің негізін қалыптастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/1158806?lang=kk