ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері бір күнде құқық бұзушыны ұстап, iPhone-ды иесіне қайтарды
11.02.2026 15:36:07 114
Астанада Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері кезекті рет жоғары жауапкершілік танытып, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға әрдайым дайын екендіктерін растады.
Кешкі сағат 20:30 шамасында Б.Аманжол көшесін патрульдеу кезінде әскери жасақ бастығы қатардағы Константин Горбаневич пен патрульшілер Роллан Малик және Никита Трушников жасөспірімнің өтінішін нәтижесіз қалдырмады. Бозбала азаматтық жауапкершілік көрсете отырып, әскери қызметшілерге бір бейнежазба көрсетті, онда белгісіз адам "Сити" емханасының жанында "закладка" іздеп жүр екен.
Мұндай жедел хабарлама құқық бұзушылықтың жолын дереу кесуге мүмкіндік берген маңызды сигнал болды. Бейнежазбада жазылған белгілерге назар аудара отырып, сарбаздар аз уақыт ішінде күдіктінің орналасқан жерін анықтап, бірден қолға түсірді.
Әңгіме барысында ер адам тыйым салынған заттарды іздеу фактісін жоққа шығармады. Ұландықтар оқиғаны байланыс құралдарымен жедел баяндап, "102"желісі арқылы полиция қызметкерлерін шақырды. Қажетті құжаттар рәсімделгеннен кейін, күдікті азамат полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Сол күні, сағат 19:15 шамасында, тура осы әскери жасақ К.Әзірбаев көшесінде келе жатып iPhone 15 Pro Max маркалы ұялы телефон тауып алады. Олжа туралы рация көмегімен шұғыл хабарлап, кезекшілік қызметімен бірлескен жасақ жауынгерлері телефон иесін анықтайды. Көп ұзамай кездесу ұйымдастырып, бағалы смартфонды заңды иесіне қайтарады.
Азамат Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне адалдығы, ұқыптылығы мен жеделдігі үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Айта кету керек, қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі ұландықтардан тек кәсібилікті ғана емес, сонымен қатар жоғары жауапкершілікті де талап етеді. Әскери қызметшілер өз іс-әрекеттерімен заң мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғайтындықтарын тағы бір дәлелдеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1159235?lang=kk