Мектептегі сыныптан мессенджерге дейін: Алматы жастар арасындағы нашақорлықпен күресті күшейтті

Мектептегі сыныптан мессенджерге дейін: Алматы жастар арасындағы нашақорлықпен күресті күшейтті

11.02.2026 16:03:46 136

*Мектептегі сыныптан мессенджерге дейін: Алматы жастар арасындағы нашақорлықпен күресті күшейтті*

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу мәселесіне арналған баспасөз конференциясы болып өтті. Онда Нұрлан Жақыпов «Наркостоп» жобасының нәтижесі мен жоспары туралы баяндады. Оның айтуынша, жасөспірімдермен, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуге, есірткінің цифрлық кеңістікте таралуына қарсы іс-қимылды күшейтуге басты назар аударылған.

Өткен жылдары «Наркостоп» жобасы тиімді екенін көрсетті. Білім беретін ұйымдарда, интернет кеңістігі мен қалада біраз жұмыс істелді. Мектепте, колледж бен жоғары оқу орнында оқушылар мен студенттерге арналған дәріс ұйымдастырылды, кибереріктілер тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтап, қалада есірткі жарнамасы бар граффитилерді өшіру жағы да осымен қатар қолға алынды. Мұндай кешенді тәсіл жастардың ақпараттану деңгейін арттырып, есірткінің қолжетімділігін төмендетіп, осы мәселеге байланысты оң көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берген.

«Қазіргі таңда есірткі қылмысы өзгерді. Бұрын негізінен офлайн форматта таратса, қазір мессенджер, сайттар мен жабық арналар арқылы адам тартып, саудалауға көшкен. Телефон ұстаған жасөспірімдердің көбі олардың қармағына сөйтіп түсіп қалып жатыр», – деп атап өтті Нұржан Жақыпов.

Биыл жоба профилактикалық бағытты күшейтуді жоспарлап отыр. Ұйымдастырушылар мектептер мен жоғары оқу орындарын қамту аясын кеңейтеді, кездесулердің санын арттырады, интернет кеңістігін бақылауды жандандырып, қаладағы есірткінің визуалды жарнамасын жою жұмыстарын жалғастырмақшы. «Жеңіл табыс табуға болады» деген желеумен жастарды осы жұмысқа тартып жатқандарға көп көңіл бөлмек енді.    

«Жастарды осындай лас жұмысқа тарту – қазір ең қиын мәселе болып отыр.   Оларға тез табуды ұсынады да, бірақ оның соңы неге әкелетінін ашып айтпайды ешқашан. Біздің міндетіміз – заң алдындағы жауапкершілікті жастарға ашық әрі түсінікті тілде жеткізу», – дейді жобаның жетекшісі.

«Наркостоп» жұмысы бірнеше бағытта жүзеге асады. Білім беретін ұйымдарда жасөспірімдермен, студенттермен жобаның кәсіби лекторы жұмыс істейді. Кездесу форматы тәлімгерлік сипатта емес, диалог түрінде, нақты оқиғаны мысал етіп, адам тарту жолдарын талқылау арқылы өтеді. Сонымен қатар кибереріктілер интернетті бақылап, есірткі контенті бар сайттар мен ресурстарды анықтап, оларды бұғаттау үшін уәкілетті органдарға ақпарат жолдайды. Қалада есірткіні жарнамалайтын граффитилер де біртіндеп өшіріліп жатыр, бұл ашық жарнаманы азайтуға сеп болмақ.

Биыл жастар арасында ақпараттану деңгейін, мәселеге көзқарасы мен қауіп факторларын анықтау мақсатында зерттеу жүргізу жоспарланған. Осы  деректердің негізінде профилактикалық іс-шаралар түзетіледі. Сонымен қатар ақпараттық-ағартушылық бағыт те күшейтіледі. Жасөспірімдер мен жастарға арналған қысқа білім беру бейнероликтері дайындалып, онда оларды осындай жұмысқа тартудың салдары мен механизмдері, заңдық жауапкершілік мен синтетикалық есірткінің салдары туралы айтылады.

«Біз жастармен солардың тілінде сөйлесіп, олардың көп уақыт өткізетін арналары арқылы жұмыс істеуіміз керек. Профилактика бір реттік акция болмауы тиіс, ол тұрақты, жүйелі әрі нақты деректерге негізделуі керек», – деді Нұржан Жақыпов.

Қазіргі таңда ең осал топтар – 14–17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 18–25 жас аралығындағы жастар. Спикердің айтуынша, синтетикалық есірткілер ерекше қауіп төндіреді, себебі олар тез тәуелді етіп, денсаулыққа елеулі зиян келтіреді. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Наркостоп» жобасы құқық қорғау органдарымен, наркологиялық қызметпен және білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды жолға қойып, жастар арасында тұрақты азаматтық ұстаным қалыптастыруды мақсат етеді. Спикер осындай күдікке ілінгендер болса оларды бірден мамандарға қаратып,  осы жобаның басы-қасында жүрген сарапшылардың көмегіне жүгіну керектігін атап өтті.