«Заң мен тәртіп: Алматы биыл есірткіге қарсы 135 іс-шара өткізді
11.02.2026 16:05:27 76
.jpeg)
Алматы қаласының ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Сұлушаш Досболова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте нашақорлық пен есірткіге байланысты құқықбұзушылықтың алдын алу үшін атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады. Бұл жұмыс «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асырып, қаладағы наркологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері Алматының оқу орындарында 135 профилактикалық іс-шара – форумдар, семинарлар, дәрістер мен акциялар өтіпті. Ол жұмысты полиция бөлімшелерімен, мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, еріктілермен бірлесіп жүргізіп жатыр.
«Ақпараттық-түсіндіру жағына көп көңіл бөлінеді. Медиаплатформаларда есірткіге қарсы 230 материал жарияланды», – дейді Сұлушаш Досболова.
Метроның 42 мониторы мен қаладағы 131 LED-экранда әлеуметтік бейнероликтер жарияланып, сондай-ақ жанармай құятын бекеттердегі LED-экрандарда анонимді сенім телефоны көрсетілді.
Бұдан бөлек қаланың түрлі ауданында «Біз есірткіге қарсымыз!» деген ұранмен танымал спортшылар қатысқан 80 билборд шықты. Бұл жастар мен жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмысты күшейтуге ықпал еткен.
Полиция майорының айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы есірткіге әуестіктің алдын алуға ерекше назар аударылып отыр екен.
Жүргізіліп жатқан осы қыруар жұмыс азаматтарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың алдын алып, есірткі қылмысына қарсы тұратын қоғамдық психология қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті спикер.