Қазақстан Африка одағы аясында дипломатиялық байланыстарын нығайтуда

Қазақстан Африка одағы аясында дипломатиялық байланыстарын нығайтуда

11.02.2026 19:32:48 153

Аддис-Абеба, 2026 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшісі, Африка одағы (АО) жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев Африка құрлығының сыртқы саяси ведомстволары мен халықаралық институттар басшыларының қатысуымен өтіп жатқан Африка одағы Атқарушы кеңесінің 48-ші кезекті сессиясы аясында бірқатар кездесулер өткізді.

Құрлықтың барлық елдерінің сыртқы істер министрлерінің басын қосқан бұл жиын АО Мемлекеттер мен Үкімет басшылары Aссамблеясының алдағы 39-шы сессиясына дайындықтың негізгі кезеңі болып табылады. Талқылаулардың өзегінде – Африканың 2026 жылға арналған стратегиялық бағыты, экономикалық интеграция мәселелері және өңірлік тұрақтылықты нығайту шаралары тұр.

Африка одағына мүше мемлекеттермен көпжақты және екіжақты ынтымақтастықты дамыту шеңберінде Елші Ж.Әділбаев Демократиялық Конго Республикасы (ДКР) Сыртқы істер министрінің орынбасары, осы ел делегациясының басшысы Ноэлла Айеганагато Наквипонемен кездесті. Кездесуге ДКР-ның Эфиопиядағы Елшісі Жан Леон Илунга да қатысты.

Тараптар ДКР Президенті Ф.Чисекедидің 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелеріне баса назар аударды. Дипломаттар мемлекет басшыларының сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы тапсырмаларының орындалу барысы, жер қойнауын пайдалану және цифрландыру саласындағы өзара іс-қимыл перспективалары, сондай-ақ халықаралық алаңдардағы күш-жігерді үйлестіру бойынша ақпарат алмасты.

Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі Панафрикалық Парламенттің Вице-президенті, Эфиопия Парламентінің депутаты доктор А.Гайомен сұхбаттасты. Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Қазақстандағы ішкі саяси реформалар процесі туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Ж.Әділбаев тиісті комиссияның Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша атқарған жұмыстарының қорытындылары туралы айтып берді. Елші конституциялық өзгерістер саяси жүйені терең демократияландыруға, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға және халықтың әл-ауқатын одан ары арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-addis-ababa/press/news/details/1159674?lang=kk