Қазақстан СІМ басшысы Германияға сапары аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді
12.02.2026 08:13:59 62Берлин, 2026 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Германия Федеративтік Республикасына сапары аясында Германияның Федералдық экономика және энергетика министрі Катарина Райхемен кездесу өткізді.
Тараптар қазақ-неміс ынтымақтастығының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, индустриялық-технологиялық сала, энергетика, логистика, цифрландыру және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы өзара іс-қимылға баса назар аударды.
«Қазақстан Германиямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән береді және оны Еуропалық одақтағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Германиямен екіжақты деңгейде де, Еуропалық одақ пен Орталық Азияның өңірлік форматтары шеңберінде де экономикалық ынтымақтастықты белсенді түрде ілгерілетуге дайынбыз және келісілген бастамаларды нақты жобалар мен нәтижелерге айналдыруға ниеттіміз», – деп мәлімдеді Е.Көшербаев.
Ол Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында елеулі нәтижелерге қол жеткізгенін және Халықаралық валюта қорының деректеріне сәйкес 300 млрд АҚШ доллары көлеміндегі көрсеткішпен әлемнің жетекші 50 экономикасының қатарына кіргенін, бұл жан басына шаққанда 15 мың АҚШ долларына сәйкес келетінін, сондай-ақ 2000-2025 жылдар аралығында нақты ЖІӨ-нің орташа өсім қарқыны 3,6% жетіп, көшбасшы бес елдің қатарына енгенін атап өтті.
«Қазақстан Германия үшін Орталық Азиядағы сенімді серіктес. Тұрақты даму мен инновациялар негізінде экономикалық және энергетикалық ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетуге ниеттіміз», – деп мәлімдеді К.Райхе.
Кездесу барысында тараптар энергетикалық ынтымақтастыққа, оның ішінде қазақстандық мұнайды Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына жеткізу мәселесіне ерекше назар аударды. Сондай-ақ Қазақстаннан Германия мен ЕО елдеріне «жасыл» сутегі өндіру және экспорттау саласындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды.
Индустриялық-технологиялық салада машина жасау, химия өнеркәсібі және тау-кен металлургия секторындағы бірлескен жобалар, сондай-ақ неміс технологиялары мен олардың үздік тәжірибесін трансферлеу мәселелері талқыланды.
Министрлер Транскаспий халықаралық көлік бағытын қоса алғанда, логистикалық дәліздерді дамытудың маңыздылығын растады және көлік пен өнеркәсіптік процестерді цифрландыру саласындағы ынтымақтастыққа дайын екендерін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайындық расталып, бірлескен бастамалар бойынша мазмұнды диалогты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен қатар Қазақстан СІМ басшысы «Deutsche Bahn», «Noble Elements», «Lanxess», «Rhenus Group» және «DIHK» (Германияның өнеркәсіп және сауда палатасы) компаниялары мен іскерлік бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар қазақстан-неміс сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, сондай-ақ өнеркәсіп, химия саласы, логистика, машина жасау, денсаулық сақтау және кәсіптік білім беру бағыттарындағы өзара іс-қимылды нығайту мүмкіндіктерін талқылады.
Министр Астана мен Берлин арасындағы қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтіп, Қазақстан жоғары технологиялық инвестициялар тартуға, озық өндірістік шешімдерді енгізуге және герман бизнесімен кооперацияны тереңдетуге мүдделі екенін айтты.
Өндірісті жергіліктендіру, технологиялар трансфері, тұрақты даму және «жасыл» экономика мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Неміс компаниялары мен қауымдастықтарының өкілдері Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, қазақстандық нарықтағы қатысуын ұлғайтуға дайын екендіктерін білдірді. Талқылау барысында ынтымақтастықтың нақты бағыттары, оның ішінде бірлескен жобаларды іске асыру және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері қарастырылды.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және қазақстандық мемлекеттік органдар мен неміс бизнес қауымдастығы арасындағы практикалық өзара іс-қимылды жандандыруға ниетті екендіктерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1159755?lang=kk