Мексика Бас конгресінің депутаттарына Қазақстандағы конституциялық реформалар таныстырылды
12.02.2026 08:14:10 91
Мехико, 2026 жылғы 10 ақпан – «Қазақстан – Мексика» парламенттік достық топтарының 2025 жылғы қарашадағы алғашқы онлайн-кездесуінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбековтің мексикалық достық тобының төрайымы, депутат Марибель Мартинес Руиспен жұмыс кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында қазақ-мексика ынтымақтастығының қазіргі деңгейі талқыланып, 2026 жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспары келісілді. Сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға, саяси және мәдени диалогты дамытуға, сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде М.Мартинес Руис 2025 жылы екі елдің парламенттерінде «Қазақстан – Мексика» достық топтарының құрылуы екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
А.Тұрғанбеков Қазақстан мен Мексика арасындағы қатынастардың бірізді дамуын атап өтіп, бірлескен бастамаларды ілгерілетудің тиімді құралы ретінде парламентаралық байланыстарды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Елші Қазақстандағы конституциялық реформаның қазіргі барысы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, институттарды нығайтуға және орнықты экономиканы қалыптастыруға бағытталған саясаты туралы жеке ақпарат берді.
Бұдан бөлек, мексикалық тарапқа Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту саласындағы стратегиясы таныстырылды. Елшінің айтуынша, 2026 жыл елде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланып, оның негізгі басымдықтары еңбек өнімділігін арттыру, экспортқа бағдарланған салаларды қалыптастыру және Қазақстанды цифрлық экономиканың жаһандық тізбектеріне интеграциялау кезеңі болмақ.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы іс-қимыл жоспары жөнінде практикалық ұсынымдар әзірлеуге және тұрақты байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-mexico/press/news/details/1159740?lang=kk