Қазақстан мен Германия CІМ басшылары Берлинде кездесу өткізді
12.02.2026 08:14:27 148Берлин, 2026 жылғы 11 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың Берлинге сапары аясында Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефулмен кездесу өтті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан-Германия қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге бейілділігін растады. Саяси диалогты кеңейтуге, экономикалық салалардағы өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ тұрақты даму бағытындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
«Германия – Қазақстанның Еуропада ғана емес, жаһандық деңгейдегі де негізгі серіктесі. Сонымен қатар қазіргі геосаяси жағдайларда Қазақстан өзара тиімді дипломатияны ілгерілете отырып, халықаралық қатынастар жүйесінде барған сайын белсенді рөл атқаруда. Еліміз сенімді әрі жауапты актор, Орта держава ретінде өңірлік және халықаралық негізгі мәселелер бойынша теңгерімді ұстанымда. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы көпжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша неміс тарапымен жұмыс істеуге дайынбыз», – деді келіссөздер барысында Е.Көшербаев.
Й.Вадефуль Германия үшін Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық, саяси және стратегиялық тұрғыдан тірек ел екенін атап өтті.
Сондай-ақ тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, көпжақты алаңдарда күш-жігерді үйлестіруге мүдделілігін растады.
Министрлер саяси алмасуды одан әрі нығайтуға, тұрақты байланыстарды қолдауға және ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Астана мен Берлин арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1159734?lang=kk