Берешекті қайта құрылымдау рәсімі

Берешекті қайта құрылымдау рәсімі

12.02.2026 11:03:41 260

«Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңына сәйкес борышкер оңалту немесе банкроттық туралы сот қозғаған істер болмаған жағдайда, уақытша төлем қабілетсіздігі туындаған кезде өз берешегін қайта құрылымдау туралы шешім қабылдауға құқылы. Борышкер уақытша төлем қабілетсіздігі туралы куәландыратын құжаттарды қоса бере отырып, берешекті қайта құрылымдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.

Борышкерге қатысты берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сот шешімі шығарылған күннен бастап борышкерге мүлікті иеліктен шығару бойынша қандай да бір мәмілелер жасауға тыйым салынады.

Берешекті қайта құрылымдау рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде борышкер барлық кредиторлармен берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасасуға міндетті.

Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімде келісімнің шарттары, борышкердің кредитор (кредиторлар) алдындағы міндеттемелерін орындау тәртібі, тәсілдері мен мерзімдері туралы ережелер қамтылуға тиіс. Берешекті қайта құрылымдау туралы Келісім үш жылдан аспайтын мерзімге жасалады.

Берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап мынадай салдыр басталады:

  • Борышкер берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды) есептеу және сыйақы тоқтатылады;

  • Борышкердің шоттары бойынша мемлекеттік органдар қойған барлық шектеулер оларды қойған тиісті органдардың шешім қабылдауынсыз алып тасталады;

  • Төлеу мерзімі берешекті қайта құрылымдау туралы келісім жасасқаннан кейін басталған, моральдық зиянды өтеу туралы талаптарды есепке алмай, өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін борышкер жауаптылықта болатын азаматтарға төленетін төлемдерді қоспағанда, соттардың бұрын қабылданған шешімдерін, төрелік шешімдерін орындау тоқтатылады;

  • Борышкердің мүлкіне жаңадан тыйым салуға және оның мүлкіне билік етуге өзге де шектеулер қоюға мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті өзгенің заңсыз иеленуінен алуды талап ету туралы борышкерге қойылған талап қоюлар бойынша ғана жол беріледі.

ЩҚО бойынша 2024 жылы қайта құрылымдау рәсімінде жалпы берешек сомасы 2,3 млрд. тенгеге 6 кәсіпорын болды, оның ішінде ағымдағы сәтте 5 кәсіпорын бекітілген өтеу кестесіне сәйкес берешекті тұрақты түрде өтейді, 1 кәсіпорын бойынша берешекті өтеу кестесін орындамауға байланысты рәсім тоқтатылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1159905?lang=kk