Хельсинкиде Түркі тілдерінің дүниежүзілік күні аталып өтті

Хельсинкиде Түркі тілдерінің дүниежүзілік күні аталып өтті

12.02.2026 16:22:52 163

Хельсинки, 2026 жылғы 11 ақпан - Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігі Түркия, Өзбекстан Елшіліктерімен, Әзербайжан өкілдігімен, сондай-ақ қырғыз және татар диаспораларының өкілдерімен бірлесіп, Хельсинки қаласында Түркі тілдерінің дүниежүзілік күніне арналған салтанатты іс-шара өткізді.

2025 жылы ЮНЕСКО бұл күнді халықаралық естелік күндер күнтізбесіне ресми түрде енгізгеннен кейін, Түркі тілдерінің дүниежүзілік күнін атап өту ерекше маңызға ие болды. Бұл шешім түркі халықтарының бай мәдени-тарихи мұрасын және түркі тілдерінің әлемдік өркениетке қосқан ерекше үлесін айқындай түсті.

Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов өз сөзінде түркі тілдерінің түркі мемлекеттерінің ортақ тарихи жадын және рухани жақындығын қалыптастыратын маңызды құндылық екенін атап өтті. Ол Қазақстан үшін түркі мәдени мұрасын насихаттау мен бауырлас елдермен тығыз байланыстарды сақтау басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтіп, Түркі тілдері күні – біздің ортақ мәдениетіміздің мерекесі ғана емес, сонымен бірге ынтымақтастықтың, өзара құрметтің және бірлескен дамуға деген ұмтылыстың символы екенін айтты.

Іс-шараға Финляндия Парламентінің, Білім министрлігінің өкілдері, бизнес қауымдастық, ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, бағдарлама аясында қатысушылардың орындауындағы музыкалық шығармалар ұсынылды. Қонақтар домбыра, жетіген, қобыз және басқа да ұлттық аспаптарда орындалған композицияларды тыңдап, мерекелік шараға ерекше мәдени бірлік пен әр алуандылық рухын сезінді.

Қатысушылар түркі халықтары арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ фин қоғамына түркі мәдениетінің байлығы мен сан қырлылығын таныстыруға жағдай жасағаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-helsinki/press/news/details/1160355?lang=kk