ШҚО-да жастар ежелгі дәстүрді жаңғыртуда

ШҚО-да жастар ежелгі дәстүрді жаңғыртуда

12.02.2026 16:22:57 154

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында интернационалист жауынгерлерді еске алу күніне арналған дәстүрлі садақ ату жарысы өтті. Турнирге ауданға қарасты ауылдық округтерден 30-ға жуық спортшы қатысты. Жарыстың басты ерекшелігі – жас ерекшелігіне шектеу қойылмауы. Бір алаңда аға буын өкілдері мен жастар бақ сынады.

Аудандық Жастар орталығының директоры Ерназар Сауықтың айтуынша, мұндай іс-шаралар ұлттық спорт түрлерін дамытуға серпін беріп, үздік мергендерді анықтауға мүмкіндік береді.

— Қазіргі таңда ауданда садақ ату спорты қарқынды дамып келеді. Біз турнирлерді тұрақты түрде өткізіп, алдағы уақытта үздік спортшыларды ірі жарыстарға қатыстыруды жоспарлап отырмыз, — деді Ерназар Сауық.

Турнирдің төрешісі, Абай облысы Көкпекті ауданының садақ ату жаттықтырушысы Дамир Даутов самарлық жастардың әлеуетіне жоғары баға берді.

— Турнир жоғары деңгейде өтті. Спортшылардың қызығушылығы мен осы бағытта дамуға деген талпынысы анық байқалады. Самар ауданында өз мергендерін тәрбиелеп, жоғары деңгейге шығуға толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Ең бастысы — уақытылы қолдау көрсетіп, жүйелі түрде жаттығып, осындай жарыстарды жиі ұйымдастыру қажет, — деді жаттықтырушы.

Өз әсерімен Миролюбовка ауылының 11-сынып оқушысы, турнирдің қола жүлдегері Әдемі Сабазова да бөлісті.

— Мен садақ атумен екі жылдан бері айналысып келемін. Алдымен ауылымыздағы әйелдер арасындағы жарыстарға қатыстым, кейін Көкпекті ауданында өткен турнирде бірінші орын алдым. Енді бұдан да жоғары жетістіктерге жетуді армандаймын. Бұл спорт түрі маған өте ұнайды. Бұл — біздің ұлттық мұрамыз, оны жаңғыртуымыз керек, — деді оқушы.

Жарыс спорттық бәсекелестік пен тарихи дәстүрге деген құрмет рухында өтті. Оның негізгі мақсаты — ұлттық спортты дәріптеу және мәдени мұраны сақтау.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Самар ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1160344?lang=kk