Алматыда Қазақстан Сыртқы істер министрінің БҰҰ агенттіктерінің басшыларымен кездесуі өтті
14.02.2026 17:11:54 122
Алматы, 2026 жылғы 14 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Ұлттар Ұйымының елімізде өкілдік ететін агенттіктері басшыларымен кездесу өткізді.
Сыртқы саяси ведомство басшысы өз сөзінде Қазақстанның Ұйым Жарғысы мен оның халықаралық бейбітшілік, қауіпсіздік және орнықты дамуды қолдаудағы негізгі рөліне деген бұлжымас бейілділігін растады.
Ол сондай-ақ жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның құқықтық мемлекетті нығайтуға бағытталған басты ережелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
«Реформа жүйелі де ұзақ мерзімді сипатқа ие, сондай-ақ құқық үстемдігін нығайтуға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге бағытталады», - деп атап өтті Е.Көшербаев.
Бұл ретте Министр Негізгі заңға ұсынылған өзгерістер бойынша түпкілікті шешім 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумның қорытындылары бойынша қабылданатынын баса айтты.
Кездесу барысында тараптар 2026-2030 жылдарға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі ынтымақтастықтың негіздемелік құжатындағы басым бағыттарды талқылады. БҰҰ Елдік тобының алдағы кезеңге арналған жоспарлары және өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту жөніндегі ұсыныстар таныстырылды.
Алматы қаласындағы БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын дамытуға ерекше назар аударылды.
«Орталық Ұйымның өңірдегі қатысуын нығайту мен көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетуге Қазақстанның қосқан нақты үлесі», - деп атап өтті Е.Көшербаев.
Министр БҰҰ агенттіктеріне ү.ж. 22-24 сәуірде өтетін Өңірлік экологиялық саммитті дайындауға белсенді атсалысып жатқаны үшін алғыс білдіріп, саммит аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын талқылауға арналған халықаралық консультацияларды өткізу жоспары туралы баяндады.
Қазақстанның цифрлық трансформациясы тұрғысынан Алматыда БҰҰ АзТМЭӘК-ның Азия және Тынық мұхиты аймағы үшін орнықты даму жөніндегі цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасының маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша ел мен өңірдің орнықты дамуы мақсатындағы нақты өзара іс-қимылды тереңдету, күш-жігерді үйлестіру және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге деген өзара мүдделілік расталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1161897?lang=kk