Сауда министрлігі 2030 жылға қарай Алматы мен Алматы облысының дайын өнім экспортын 1,5 млрд АҚШ долларына ұлғайтуды көздеп отыр

Сауда министрлігі 2030 жылға қарай Алматы мен Алматы облысының дайын өнім экспортын 1,5 млрд АҚШ долларына ұлғайтуды көздеп отыр

20.02.2026 15:05:37 196
Қазақстанның алдында дайын өнім экспортын ұлғайтып, отандық өндірушілердің өнімдерін сыртқы нарықтағы позициясын күшейту міндеті тұр. Осы бағытта 2030 жылға қарай Алматы қаласы мен Алматы облысынан шығарылатын дайын өнім экспортын 1,5 млрд АҚШ долларына арттыруды көздеп отыр.Бұл - Алматы мен Алматы облысының экспорттық әлеуетіне арналған дөңгелек үстелдің басты тақырыбы болды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектордың және бизнес өкілдері қатысты.

Қазір алматылық агломерацияда 4 миллионға жуық адам тұрады және елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 35 пайыздан астамы осы өңірде шоғырланған. Бұл — Қазақстанның ең ірі қаржы, кәсіпкерлік және логистика орталығы. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматының сыртқы сауда айналымы 33,6 млрд АҚШ долларына жетіп, 5,2 пайызға артты. Экспорт көлемі 6 млрд долларды құрады. Өсу оң болғанымен, экспорт қарқыны қаланың нақты экономикалық әлеуетіне сай емес. Соған қарамастан Қытайға, Орталық Азия елдеріне, Еуропа мен ТМД мемлекеттеріне жеткізілімнің тұрақты өсуі өңір өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін және қазақстандық брендтерді сыртқы нарықтарға кеңінен шығаруға мүмкіндік барын айғақтайды.

Ал Алматы облысында өсім қарқыны бұдан да жоғары. Өңірдің тауар айналымы 15,6 пайызға өсіп, 4,2 млрд АҚШ долларына жетті. Экспорт көлемі 28 пайызға ұлғайып, 1,1 млрд доллардан асты. Ең маңыздысы — өсімнің негізгі қозғаушы күші дайын өнім өндірісі болып отыр. Бұл экономиканың шикізаттық моделінен индустриялық-аграрлық бағытқа біртіндеп ауысып жатқанын көрсетеді. Нәтижесінде агломерация аясында бірыңғай экономикалық экожүйе қалыптасуда: Алматы қаласы — басқару, қаржы, сауда және логистика орталығы болса, ал облыс ауқымды өнеркәсіптік өндірістің базасына айналуда.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, қызмет көрсету экспорты өсімнің қосымша бағыты бола алады. «Алматы қазірдің өзінде шетелге іскерлік және ІТ-қызметтерді экспорттау бойынша елде көш бастап тұр. Оның көлемі 300 млн АҚШ долларынан асады. Зияткерлік меншік, цифрлық шешімдер, консалтинг, қаржы, жарнама және аналитика шикізаттық емес экспорттың жаңа драйверлеріне айналып, білім экономикасы мен креативті индустриялардың дамуына негіз қалайды», — деді министр.

Экспорттық белсенділікті электронды сауда да жандандырып отыр. Қазақстандағы онлайн-сатылымның жартысынан астамы Алматының үлесіне тиесілі, оның көлемі шамамен 3 трлн теңгені құрайды. Бұл — шағын және орта бизнес үшін сыртқы нарықтарға шығуға дайын инфрақұрылым. Ол транзакциялық шығындарды азайтып, отандық компаниялардың жаһандық жеткізу тізбектеріне жылдам қосылуына мүмкіндік береді.

Сауда министрлігінің бағалауынша, Алматы агломерациясының жиынтық экспорттық әлеуеті шамамен 1,5 млрд АҚШ долларына тең. Оның негізгі бөлігі қосылған құны жоғары өнімдерге тиесілі. Өсім резервтері, ең алдымен, дайын өнім өндірісінде шоғырланған. Атап айтқанда, бұл — азық-түлік өнеркәсібі, химия және машина жасау салалары. Сонымен қатар фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіру және ІТ секторында да елеулі мүмкіндік бар. Осы бағыттарда терең өңдеуді дамыту мен өндірістік кооперацияны күшейту өңір экономикасына, жұмыспен қамтуға және салық түсімдеріне мультипликативтік әсер береді.

Негізгі стратегиялық мақсат — Алматы мен Алматы облысын Орталық Азиядағы жетекші шикізаттық емес экспорт хабына айналдыру. Осыған орай жекелеген кәсіпорындарды қолдаудан тұрақты экспорттық кластерлерді қалыптастыруға көшу жоспарланып отыр. Сонымен қатар сауда миссияларын кеңейту, цифрлық B2B-платформаларды дамыту, қызмет экспортын ілгерілету бағдарламаларын іске қосу және экспортқа дейінгі дайындықтың заманауи инфрақұрылымын құру көзделген. Оның құрамына сертификаттау зертханалары мен e-commerce хабтары кіреді.
Жаңа экспорттық модельді жүзеге асыруда бизнесті қаржылай қолдау құралдары маңызды рөл атқарады. Экспорттық-кредиттік агенттікпен бірлесіп Алматының экспорттық қаржы пулын құру мүмкіндігі
қарастырылуда. Бұл құрал шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие, сақтандыру және логистикалық субсидиялар алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде кәсіпорындар бір реттік келісімдерден тұрақты әрі ұзақмерзімді экспорттық келісімшарттарға көше алады.

Экспорттаушыларға арналған «Бірыңғай терезе» жүйесінің жаңартылған архитектурасы бизнеске сыртқы нарыққа шығудың барлық кезеңінде кешенді қолдау көрсетуді көздейді. Бұл кадр даярлау, өнімді халықаралық стандарттарға бейімдеу, сертификаттау, өткізу арналары мен серіктестерді табу және экспорттық мәмілелерді сүйемелдеуді қамтиды.

Жалпы алғанда, ұсынылып отырған шаралар стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай Алматы мен Алматы облысының экспортын 1,5 млрд АҚШ долларына ұлғайтып, өңір экономикасының өңдеу, технология және қазақстандық өнімнің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне негізделген жаңа тұрақты даму моделін қалыптастыру жоспарланып отыр.
 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1166152?lang=kk