МЖӘ шарттарының 88%-дан астамы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер, энергетика және ТКШ салаларына қатысты
25.02.2026 12:35:48 89
Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының басқарма төрағасы Аслан Қалиғазиннің айтуынша, өткен жылдар ішінде Қазақстанда жалпы құны 3,6 трлн теңгені құрайтын 1 257 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және концессия шарттары жасалды. Оның ішінде 697 шарт қолданыста, 411 жоба бойынша іске асыру толық аяқталған, 149 шарт бұзылған. Жобалардың тек 17-сі ғана республикалық деңгейге жатады, олардың жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайды. Қалған 1 240 жоба жергілікті маңызға ие және олардың жиынтық құны 1,7 трлн теңгеден асады.
«Жасалған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарттарының 88%-дан астамы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер, сондай-ақ энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына тиесілі. Ал шарттардың құнына қарайтын болсақ, оның 27% көлік және инфрақұрылымдық құрылыс саласына тиесілі. Бұл – қаржылық көлемі жағынан ең ірі бағыттар», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта портфельдің елеулі бөлігін мектеп асханалары мен балабақшалар емес, кешенді инфрақұрылымдық жобалар құрайды. Олардың қатарында индустриялық парктер, көпбейінді ауруханалар, ядролық медицина орталығы сияқты жоғары технологиялы медициналық мекемелер, көше жарықтандыру жүйелері және өзге де жобалар бар. Сонымен қатар жасанды интеллект негізінде іске асырылатын жобалар да пайда болуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1168899?lang=kk