Қазақстан Еуропалық жария құқық ұйымымен (EPLO) ынтымақтастықты кеңейтуде
11.03.2026 08:02:08 198
Афина, 2026 жылғы 10 наурыз – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Еуропалық жария құқық ұйымының (EPLO) директоры Спиридон Флогаитиспен келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның EPLO ұйымымен жария құқық, мемлекеттік басқару, академиялық және сараптамалық өзара іс-қимыл салаларындағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Қазақстандық университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен әріптестікті дамытуға, бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын іске асыруға, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейтуге, сондай-ақ қазақстандық мамандар мен ғалымдардың ұйым өткізетін халықаралық іс-шаралар мен сараптамалық бастамаларға қатысуына ерекше назар аударылды.
Қазақстан Елшісі сұхбаттасына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде жүргізіліп жатқан саяси және институционалдық реформалар туралы, соның ішінде жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдағы референдум туралы ақпарат берді. Конституциялық реформалар құқық үстемдігі қағидаттарын одан әрі нығайтуға, демократиялық институттарды дамытуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталғаны атап өтілді.
Өз кезегінде Спиридон Флогаитис Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалап, олардың құқықтық мемлекетті нығайту және мемлекеттік институттарды жаңғырту тұрғысынан маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол EPLO қызметіне қазақстандық білім беру және ғылыми мекемелерінің белсенді қатысуын, оның ішінде елдің бірқатар жетекші университеттерімен ынтымақтастықты және қазақстандық сарапшылардың ұйымның халықаралық бағдарламалары мен сараптамалық құрылымдарына қатысуын оң бағалады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады және өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын белгіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-athens/press/news/details/1178196?lang=kk