Қазақстан экономикасына 2025 жылы салынған инвестиция 22,7 трлн теңгеге жетті
13.03.2026 08:31:31 296
2025 жылғы қорытынды бойынша Қазақстандағы негізгі капиталға салынған инвестиция 22,7 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті (19,5 трлн теңге). Инвестициялық белсенділіктің өсуі экономиканың бірден бірнеше негізгі секторында тіркелді.
Инвестицияның неғұрлым серпінді өсуі қаржы мен сақтандыру қызметінде 88,4%-ға, 313,5 млрд теңгеге дейін байқалды. Бірқатар негізгі салада инвестицияның айтарлықтай өсуі байқалады:
- электр энергиясымен, газбен, бумен және ыстық сумен жабдықтау саласында-53,1%;
- ауыл шаруашылығында-53%;
- өңдеу өнеркәсібінде-30,1%;
- ақпарат және байланыс саласында-13,4%;
- білім беруде-9,2%;
- көлік пен қоймада-9%.
Инвестициялық белсенділіктің өсуі шетелдік инвестиция ағынымен де қолдау тапты. 2025 жылғы 9 айда Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 14,9 млрд долларға жеткен. Бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңмен (13,4 млрд доллар) салыстырғанда 10,9%-ға артық.
Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы бекітілді (Үкіметтің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №1185 қаулысы). Құжат жаңа жаһандық экономикалық үрдістерді ескере отырып, инвестиция тарту жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешенін көздейді.
Тұжырымдаманың негізгі басымдығы – қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өндіріс құруға және экономиканың шикізаттық емес саласын дамытуға инвестиция тарту.
Қазақстанда инвестиция тартудың үш деңгейлі жүйесі – сыртқы, орталық және өңірлік деңгей жұмыс істеуде. Бұл ретте инвесторлармен жұмыс істеуде әлеуетті әріптестерді іздеуден және келіссөздер жүргізуден бастап, жобаларды іске асыруға және оларды одан әрі сүйемелдеуге дейінгі кешенді тәсіл енгізіледі.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ шетелдік өкілдіктерінің желісін кеңейту және жұмыс істеп тұрған кеңселерді қайта ұйымдастыру есебінен елдің инвестициялық әлеуетін халықаралық ілгерілетуді күшейту жоспарлануда.
Салалық мемлекеттік органдар бизнеспен бірлесіп, экономиканың жалпы қосылған құнын ұлғайтуға арналған басым инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастырады. Мұндай жобаларды дайындау және құрылымдау үшін «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ жанынан инвестициялық қызмет (Investment Board) құрылды. Ол ірі инфрақұрылымдық бастамаларды іске асырумен де айналысады.
Инвесторларды кешенді сүйемелдеу үшін Kazakhstan Investment House атты негізгі даму институттарын біріктіретін және инвестициялық рәсімнің жедел және ашық өтуін қамтамасыз ететін «бір терезе» қағидаты бойынша бірыңғай орталық құрылады.
Инвестицияларды тартуда өңірлерге ерекше рөл беріледі. Өңірлік инвестициялық штабтардың жұмысын күшейту, инвестициялық жобаларды дайындау сапасын арттыру және қажетті инфрақұрылымды дамыту жоспарлануда.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар салалық кластерлерді қалыптастыруға және активтерді тиімді басқаруға бағдарланған өңірлік даму институттарына айналдырылады. Бір мезгілде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар шеңберінде инвесторлар үшін рәсімдер жеңілдетіледі.
Қосымша шаралар инвесторлардың құқығын қорғауды күшейтуге арналған. Инвестициялық омбудсменнің функциясы Бас прокурорға беріледі. «Жасыл дәліз» деп аталатын қатысушыларға мемлекеттік қызметтерді алудың жеделдетілген тәртібі енгізіледі.
Бұдан басқа, өңірлерде инвестициялық жобаларды іске асыруды құқықтық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін инвестициялық прокурорлар тағайындалады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1180021?lang=kk