Қарулы күштердің мыңдаған әскери қызметшісі Наурызнама онкүндігіне арналған жаппай жүгіруге қатысты
14.03.2026 13:42:02 263
Наурыз қарсаңында еліміздің барлық әскери бөлімдерінде мыңдаған әскери қызметшіні біріктірген спорттық акция өтті.
Бөлімшелер толық құрамда 5 шақырымдық қашықтыққа жүгірді. Маршта шектеулі уақыт болған жоқ. Әскерилердің алдында сапты сақтай отырып, барлық бөлімше болып қашықтықты бірге еңсеру міндеті тұрды. Командирлер алдыңғы лекте қозғалыс қарқынын белгілеп, жеке құрамның жауынгерлік рухын көтеріп отырды.
Тараз гарнизонында Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған құраманың жүйріктерін бөлім командирі подполковник Арман Сабыров бастап шықты. Жеке құрам үшін бұл жай ғана марш жасау емес, аңызға айналған қолбасшының рухына тағзым етіп, батырдың ерлігін ұлықтайтын құрмет рәсімі болды.
Шымкенттегі акция 6-механикаландырылған бригаданың сап алаңынан басталды. Гарнизон бастығы подполковник Сергей Биболатов әскери қызметшілерге белсенділігі үшін алғыс айтып, оларды жаңару мерекесі – Наурызбен құттықтады.
– Бізбен бірге құрама командирі де жүгірді. Бұл сарбаздарға ерекше жігер беріп, күш-қуат қосты. Барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Елімізге ашық аспан, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін, – деді 6-механикаландырылған бригаданың мерзімді қызметтегі сарбазы Төле Сүгірәлі.
Мұндай бұқаралық акциялар Қонаев, Ақтөбе, Ақтау және басқа да гарнизондарда өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық іс-шаралар салауатты өмір салтын насихаттауға, әскери қызметшілердің дене дайындығын нығайтуға және әскери ұжымның бірлігін арттыруға оң ықпал етеді.
Ортақ идея төңірегінде топтасқан жауынгерлер жоғары тәртіпті, төзімділік пен мықты командалық рухты паш ете алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1181119?lang=kk