Қорғаныс министрлігінің өкілдері Жаңаөзенде әскери-патриоттық мектеп ашу мәселесін талқылады
14.03.2026 19:54:54 256
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Маңғыстау облысындағы жұмысын жалғастыруда. Олар Ақтау қаласынан кейін Жаңаөзенде болды. Жергілікті атқарушы органның бастамасымен ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің аға офицері полковник Дәулет Бейсековтің Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейт Қайнарбаевпен кездесуі өтті. Кездесу барысында әскери-патриоттық тәрбие және Жаңаөзен қаласында әскери мектеп ашу мәселелері талқыланды. № 3 және № 22 орта мектептерінде қорғаныс ведомствосының өкілдері жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Оқушыларға әскери қызметтің артықшылықтары және еліміздегі әскери оқу орындарына қабылдау тәртібі туралы толыққанды ақпарат берілді. Ал оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, нақты жауап алды. – Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастардың әскери мамандыққа қызығушылығын арттыру және патриоттық құндылықтарды нығайту. Жастар – болашақ Отан қорғаушылары. Сондықтан оларға саналы таңдау жасауға көмек көрсету маңызды, – деді полковник Д. Бейсеков. «Мұнайшы» мәдениет үйінде Ұлттық әскери-патриоттық орталық шығармашылық ұжымының ұйымдастыруымен концерт өтті. Концерттік бағдарламадағы патриоттық композициялар мен ұлттық аспаптарда орындалған музыкалық шығармаларды көрермендер жылы қабылдады. Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы Форт-Шевченко қаласында жалғасты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1181219?lang=kk