Нью-Делиде Қазақстандағы конституциялық реформаның нәтижелері таныстырылды
16.03.2026 15:31:33 226Нью-Дели, 2026 жылғы 16 наурыз - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістан Сыртқы істер министрінің орынбасары Сиби Джорджпен жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында қазақ дипломаты үнді тарапын елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және институционалдық реформалардың негізгі бағыттарымен таныстырды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдум аясындағы конституциялық өзгерістердің маңызы ерекше атап өтілді. Бұл реформалар мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы тиімді тепе-теңдік пен өзара жауапкершілік тетіктерін нығайтуға бағытталған.
Аталған өзгерістер қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және елдің орнықты әрі инклюзивті әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін беруге бағытталған. Сонымен қатар бұл реформалар Қазақстанның халықаралық аренадағы сенімді және болжамды серіктес ретіндегі беделін одан әрі нығайтып, Үндістанмен сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту үшін қолайлы жағдай қалыптастыратыны атап өтілді.
С. Джордж Қазақстан басшылығы жүзеге асырып жатқан саяси жаңғыру бастамаларын жоғары бағалап, олардың нәтижелері Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, Үндістанмен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін беретінін атап өтті.
Тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Алдағы саяси консультацияларға дайындық аясында екіжақты күн тәртібін мазмұнды әрі практикалық бастамалармен толықтырудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу барысында Елші А. Есқараев үнді әріптесін көктемнің жаңаруын, бірлік пен ізгілікті бейнелейтін Наурыз мерекесімен құттықтап, оның Наурызнама тұжырымдамасы аясында халықаралық достық пен мәдени диалогты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша тұрақты байланыстарды жалғастыру және бірлескен бастамаларды ілгерілету жөнінде уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1182165?lang=kk